Ташкентте «Жібек жолындағы туризм» халықаралық туристік жәрмеңкесі өтеді
Биыл 25–27 қараша күндері «Central Asian Expo Uzbekistan» (CAEx) көрме кешенінде «Жібек жолындағы туризм» халықаралық туристік жәрмеңкесі өтеді. Ауқымды іс-шараға халықаралық ұйымдар, әуе компаниялары, қонақүй бизнесінің өкілдері, туроператорлар мен инвесторлар қатысады.
Экспозиция аумағы 10 мың шаршы метрді құрайтын жәрмеңкеге 15 мыңнан астам қонақ пен 30-дан астам елден 100-ден аса компанияның өкілдері қатысады.
Іс-шара аясында инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылады. Форум Өзбекстан өңірлеріне арналған перспективалы жобаларды таныстыруға, шетелдік капиталды елге тартуға, сондай-ақ бизнес өкілдері мен инвесторлар арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Форумның күн тәртібінде қонақүй және курорттық инфрақұрылымды дамыту, жаңа туристік аймақтар құру, көлік-логистика жүйесін жаңғырту және салаға заманауи технологияларды енгізу мәселелері қаралады. Сонымен қатар шетелдік туристерді тартудың жаңа бағыттары ретінде MICE-туризм, кинотуризм және концерттік туризмнің әлеуеті талқыланады.
Іскерлік бағдарлама аясында «UzAero» халықаралық авиация форумы, туризм саласындағы білім беру форумы, «Global Media Campus» және «ICCA Association & Business Events Forum» жиындары өтеді. Бұдан бөлек, «Delicious Uzbekistan» гастрономиялық фестивалі, «Etno Games» дәстүрлі ойындар фестивалі, «Souvenirs and Craft Fair Uzbekistan» халық қолөнері көрмесі және «Silk Road Tourism Awards» марапаттарын табыстау рәсімі ұйымдастырылады.
Халықаралық жәрмеңке Өзбекстанның туристік әлеуетін танытуға, шетелдік серіктестермен байланысты нығайтуға және салаға инвестиция тартуға бағытталған. Биыл оның аясында инвестициялық форумның алғаш рет өткізілуі іскерлік байланыстарды кеңейтіп, туризм индустриясын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.