Ташкент модернизмінің 10 нысаны ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді
Ташкенттің келбеті ғасырлар бойы қалыптасқан шығыстық сәулет дәстүрлері мен заманауи қала құрылысының үйлесімінен өріліп келеді. Осы бірегей архитектуралық мұра ЮНЕСКО-ның тізілімінен орын алды.
ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра комитетінің Корея Республикасының Пусан қаласында өткен 48-сессиясында «Ташкент модернизм сәулеті: Орталық Азиядағы заманауилық пен дәстүрлер» атты ұлттық номинация ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Осылайша Ташкент қаласындағы ХХ ғасырдың екінші жартысына тиесілі 10 бірегей сәулет нысаны халықаралық деңгейде мойындалды.
Сессияға Өзбекстан Мәдениет және өнерді дамыту қоры мен ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның делегациясы қатысты. Бұл нәтиже Президент Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен ұлттық мәдени мұраны сақтау, зерттеу және оны әлемге кеңінен танытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың жемісі болды.
Тізімге мынадай нысандар енгізілді: «Жемчуг» тұрғын үйі, Өзбекстан тарихы мемлекеттік музейі, «Халықтар достығы» сарайы, Өзбекстан мемлекеттік өнер музейі, Ташкент мемлекеттік циркі, Өзбекстан Көркемөнер академиясының Орталық көрме залы, Өзбекстан кино өнері сарайы, «Ескі Джува» («Чарсу») базары, «Ғарышкерлер» метро станциясы және «Күн» гелиокешені.






Аталған сәулет ескерткіштерінің ерекшелігі – модернизм идеялары мен Орталық Азияның ұлттық сәулет дәстүрлерін өз бойында үйлестіре білуінде. Олардың ЮНЕСКО тізіміне енгізілуі Өзбекстанның сәулет мұрасының халықаралық деңгейдегі беделін одан әрі арттырып, оны қорғау және келер ұрпаққа аманаттау ісіне жаңа жауапкершілік жүктейді.
Өзбекстан Мәдениет және өнерді дамыту қорының төрағасы әрі ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Гаянэ Умерованың айтуынша, бұл шешім елдің заманауи сәулет мұрасын әлемдік модернизм қозғалысы аясында лайықты орнына қайта оралтумен қатар, аталған нысандарды ең жоғары кәсіби деңгейде сақтау міндетін де арттыра түспек.