Сенегал құрамасы әлем чемпионатына медициналық сақтандырусыз қатысқан
Сенегал футбол федерациясы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты кезінде ұлттық құрама ойыншыларына медициналық сақтандыру рәсімдемегені белгілі болды.
Sports News Africa басылымның мәліметінше, құраманың қақпашысы Эдуар Менди бұл жағдайды топтық кезеңде Норвегияға қарсы өткен матчта (2:3) тізесінен жарақат алғаннан кейін білген. Жарақаттың ауырлығын анықтау үшін МРТ тексеруінен өтуі қажет болған қақпашы сақтандырудың жоқтығына байланысты медициналық шығындарды өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болған.
Оқиғаның тағы бір тосын жайттарының бірі – Сенегал құрамасының бас дәрігері Абдурахман Федиордың футболшылармен жұмыс істеуге қажетті арнайы даярлығы болмаған. Өйткені, оның негізгі мамандығы – гинеколог.
Еске салсақ, Сенегал құрамасы 1/16 финалда Бельгиядан 2:3 есебімен жеңіліп, 2026 жылғы әлем чемпионатындағы өнерін аяқтады. Команда турнирдегі төрт матчтың үшеуінде жеңіліс тауып, тек Иракты 5:0 есебімен жеңгеннен кейін ғана плей-офф кезеңіне жолдама алған еді.