Сауд Арабиясында әлемдегі ең биік ғимарат салынады
Сауд Арабиясында әлемдегі ең биік ғимарат — «Rise Tower» құрылысы жоспарланып отыр. Оның биіктігі шамамен 2000 метрді құрайды, бұл - қазіргі таңда ең биік ғимараттардың бірі саналатын Дубайдағы «Бурж Халифа» ғимаратынан шамамен екі есе биік.
Кешен 678 қабаттан тұрады деп жоспарланып отыр. Онда сәнді қонақ үйлер, жоғары деңгейдегі мейрамханалар, панорамалық бақылау алаңдары және премиум санаттағы бизнес орталықтар орналастырылады.
«Time Out Dubai» басылымының мәліметінше, бұл алып жоба Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласының солтүстігінде жүзеге асырылып жатқан «Vision-2030» бағдарламасының маңызды бөлігі болып табылады. Бағдарламаның мақсаты — елдің мұнайға тәуелділігін азайту, экономиканы әртараптандыру, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, инфрақұрылым, демалыс және туризм салаларын дамыту.
Жоба туризмді дамытуға және қаланың инфрақұрылымын жаңғыртуға арналған ауқымды стратегияның бір бөлігі саналады. Сонымен қатар, қала құрылысы жоспарлары аясында Сауд Арабиясының екінші ірі қаласы — Джидда да биіктігі 1000 метрге жететін тағы бір аспанға бой көтерген ғимарат салу да жоспарланып отыр.