Қытай компаниясы жасаған гиперкар рекорд жаңарта алмады
BYD компаниясының гиперкары сағатына 500 шақырым жылдамдықпен аударылып қалды.
«Life» интернет-басылымының хабарлауынша, Қытайда әлемдік рекордты жаңартуға бейімделген гиперкар сағатына 500 шақырым жылдамдықпен келе жатып аударылып кетті.
BYD компаниясының “Yangwang U9 Xtreme” электромобилі жабық трассада ауыр апатқа ұшырады. Жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай қалған кезде, автомобиль бірнеше рет аударылып, қоршауға соғылған. Қуаты 3 мың ат күшіне тең көлік темір-терсек үйіндісіне айналып, артқы белдігі толығымен үзіліп кеткен. Таңғаларлығы, жүргізуші ешқандай жарақат алмаған, тіпті көліктен өз бетінше шығып үлгерген.
Бұған дейін Германияда осы үлгідегі автомобиль сағатына 496,22 шақырым жылдамдыққа жетіп, әлемдегі ең жылдам көлік ретінде танылған еді.
Айта кетейік, осы айда Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін жарыс барысында аталған рекордты жаңартып, гиперкардың жылдамдығын сағатына 500 шақырымға жеткізу жоспарланған.