Қазақстан елшісі Самарқанд мемлекеттік университетінде дәріс оқыды
Шараф Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ералы Тоғжановпен кездесу өтті.
«Самарқанд мемлекеттік университеті күні» іс-шаралары аясында ұйымдастырылған кездесуде Қазақстан елшісі алты ғасырлық тарихы бар университет ұжымын айтулы мерекемен құттықтап, профессор-оқытушыларға, ғылыми зерттеушілерге, магистранттар мен дарынды студенттерге Өзбекстан – Қазақстан қарым-қатынастары, өзара ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы дәріс оқыды.
Елші Ералы Тоғжанов пен Самарқанд мемлекеттік университетінің ректоры Рустам Холмуродовтың әңгімелесуі барысында Өзбекстандағы ең көне университет пен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, мәдени және халықаралық академиялық байланыстарды дамыту жөнінде пікір алмасты.

Қазақстан елшісі Ералы Тоғжанов университетке сапары барысында Орталық Азия халықтарының тілдері мен мәдениеті институтында болып, Абай ғылыми-мәдени орталығы мен қазақ тілі және әдебиеті кабинетін де аралап, олардың қызметімен, сондай-ақ Өзбекстанда қазақ тілін, әдебиетін және Абай мұрасын зерделеуге қосып отырған үлесімен танысты.
Елшілік мәліметінше, Самарқанд қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Самарқанд облысының әкімі Адиз Бобоевпен кездесіп екі елдің өңірлері арасындағы тікелей байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылаған.

«Қазақстан мен Өзбекстан басшыларының 2030 жылға қарай екіжақты тауар айналымын 10 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу жөніндегі тапсырмаларын іс жүзінде жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда өзара сауда көлемін ұлғайту, бірлескен жобаларды іске асыру және өнім жеткізу көлемін арттыру мүмкіндіктері қарастырылды», - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, Елші мырза Самарқандтағы Имам әл-Бұхари мемориалдық кешеніне, Жалаңтөс баһадүр кесенесіне, Шахи-Зинда сәулет ансамбліне, сондай-ақ Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президенті Ислам Каримовтың мемориалдық кешеніне барып, оның рухына тағзым етіп құрмет көрсеткен.