Президент жылыжайларға «жасыл» технологияларды енгізуді тапсырды
Президент Шавкат Мирзиёев жылыжайларға «жасыл» технологияларды енгізу және олардың экологиялық қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі тұсаукесермен танысты.
Алдымен, Ташкент қаласы мен оған іргелес аумақтардағы жылыжайлардың жағдайы талданды. Былтыр арнайы комиссия жылыжайларды түгендеп, олардың бір бөлігінің экологиялық таза энергия көздеріне көшуіне жәрдемдесті. Соған қарамастан, кейбір шаруашылықтар әлі де көмір отынын пайдаланып отыр.
Күз-қыс айларында желдің бәсеңдеуі мен температуралық инверсия салдарынан жылыжайлардан шығатын зиянды заттар Ташкент қаласы мен оның айналасына жиналуы мүмкін.
Осыған байланысты Ташкент қаласы мен оған іргелес бес ауданда жылыжайларға арналған «жасыл» технологияларға негізделген арнайы экологиялық тәртіп енгізу ұсынылды. Жылыту үшін табиғи газды, электр энергиясын, геотермалдық және күн энергиясын, сондай-ақ жылу электр станцияларының қайталама жылуын пайдалануға рұқсат етіледі. Ал шиналарды, пластмассаны, битумды, мазутты, пайдаланылған май мен қалдықтарды жағуға тыйым салынады.
Қатты отынмен жұмыс істейтін жылыжайларға биылғы 1 желтоқсанға дейін аталған энергия көздеріне көшу ұсынылды. Қатты отынды пайдалануға тек қатаң техникалық талаптарға сай келетін жылыжайларға ғана рұқсат берілуі мүмкін. Атап айтқанда, отын жабық жерде сақталуы, автоматтандырылған қазандықтар мен тиімді шаң-газ тазарту жабдықтары орнатылуы, күл мен қожды қауіпсіз жинауға жағдай жасалуы, резервтік генератор болуы және түтін мұржасының биіктігі белгіленген ең төменгі талапқа сәйкес келуі қажет.
Биылғы 15 қазаннан келесі жылдың 15 наурызына дейін жылыжайларда тұрақты экологиялық мониторинг жүргізіледі. Оның барысында шаң-газ тазарту жабдықтарының жұмысы, ауаға шығарылатын зиянды заттардың мөлшері және отын түрлеріне қойылатын талаптардың сақталуы бақыланады. Өлшеу құралдары мен бейнебақылау жүйелерінен алынған деректер Экология комитетінің ақпараттық жүйесіне нақты уақыт режимінде жіберіліп отырады. Мониторинг барысында дрондар қолданылады, оған қоғамдық бақылау өкілдері де қатысады.

Шаң мен газды тазарту қондырғылары орнатылмағаны, зиянды заттардың белгіленген мөлшерден асқаны немесе тыйым салынған отын түрлерінің пайдаланылғаны анықталса, белгіленген тәртіппен тиісті шаралар қолданылады. Қажет болған жағдайда жылыжайдың жұмысы тоқтатылады.
Жылыжай шаруашылықтарының жаңа талаптарға бейімделуіне қаржылай қолдау көрсету шаралары әзірленді. Экологиялық таза әрі энергия үнемдейтін жабдықтарды орнатуға әр гектар үшін 50 миллион сумға дейін субсидия және жеті жыл мерзімге 3 миллиард сумға дейін жеңілдетілген несие беру ұсынылды. Сондай-ақ мониторинг жабдықтарын сатып алу мен орнату шығындарын азайту көзделген.
Жеке қосалқы шаруашылықтардағы жылыжайларды жаңғыртуға жәрдемдесу жөнінде де жеке ұсыныстар дайындалды.
Атап айтқанда, 2030 жылға дейін жер және мүлік салықтарын 50 пайызға төмендету, айналым салығынан босату, сондай-ақ энергия үнемдейтін жүйелер тұтынған электр энергиясы құнының жартысын өтеу ұсынылып отыр. Ташкент қаласы мен оған іргелес аумақтардағы үйлерге «жасыл» энергия көздері мен тиімді жабдықтарды енгізу үшін 100 миллион сумға дейін грант бөлу мәселесі де қаралды. Жаңа «жасыл» жылыжай салуға 300 миллион сумға дейін, ал қолданыстағы жылыжайды қайта жабдықтауға 150 миллион сумға дейін жеңілдетілген несие беру көзделіп отыр. Жылыжай шаруашылығына маманданған 50 махаллада мұқтаж отбасылар үшін экологиялық қауіпсіз жылыжайлар ұйымдастыру жоспарланған.
Жылыжайларда пайда болатын ластанған дренаж және сүзгі суын жинау, тазарту әрі қайта пайдалану мәселесі де көтерілді. Осы мақсатта арнайы оператордың жұмысын ұйымдастыру және «Ахангаран» ауданында қажетті инфрақұрылым құру ұсынылды.

Таныстырылымда климаты қолайлы өңірлерде заманауи жылыжай шаруашылығын дамыту мүмкіндіктері де қаралды. «Шеробод» ауданындағы «Сурхон-Агро» еркін экономикалық аймағына 940 гектар жер бөлініп, оның бас жоспары әзірленген. Аймақта жылыжайлар мен агрологистикалық нысандар салу, соның ішінде банктердің балансына өткен жылыжайларды осы жерге көшіру ұсынылды.
Еркін экономикалық аймақта инвесторлар үшін жерді жалға алу ақысы нөл мөлшерлемемен бес жылға берілетін болады, ал кәріз жүйесі мен жерасты суларына байланысты төлемдер бойынша үш жылдық жеңілдік берілген. Бұған қоса, жер учаскелерін нормативтік құнының 10 пайызына тең бастапқы бағамен аукционға шығару ұсынылды. Ал құны 10 миллион доллардан асатын жобаларға және Ташкент қаласы мен облысынан жылыжайларын көшіретін кәсіпкерлерге бұл көрсеткішті 1 пайыз етіп белгілеу көзделіп отыр.
Сондай-ақ аймақ қатысушыларын бес жыл мерзімге жер, мүлік және пайда салықтарынан, ал әкелінетін жылыжай жабдықтарын кедендік баждан босату ұсынысы қаралды. 400 гектар аумақта жылыжайлар мен агрологистикалық нысандар салып, оларды инвесторларға дайын жоба ретінде сату жоспарланған. Инфрақұрылымға 220 миллиард сум, жобаларды қаржыландыруға 200 миллиард сум бағыттау және 2027 жылы 100 миллион доллар инвестиция тарту міндеті жүктелді.
Жауапты тұлғаларға жылыжайлардың орналасуын, энергиялық ресурс көздері мен оларды жеткізу көлемін көрсететін цифрлық карта әзірлеу тапсырылды. Сонымен қатар жылыжай өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарда өткізу мүмкіндіктерін кеңейту шаралары әзірленеді.