Президент мұнай-газ саласындағы жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев мұнай-газ саласында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар жөніндегі тұсаукесермен танысты.
Биыл «Узбекнефтгаз» АҚ қызметін жетілдіру, сатып алу және өндіріс мәселелерін шешуге бағытталған екі шешім қабылданды.
Таныстырылым барысында осы шешімдердің орындалуын қамтамасыз ету, табиғи газ өндіру көрсеткіштері және жыл соңына дейін жүзеге асырылуы жоспарланған шаралар қаралды.
Газ қорларын ұлғайту мақсатында геологиялық барлау жұмыстары кеңейтіліп жатыр. Атап айтқанда, биыл 3D сейсмикалық барлау жұмыстарының көлемін өткен жылмен салыстырғанда 5 есеге арттыру жоспарланып отыр. Жыл басынан бері бес жаңа газ кені ашылды. Аумақтарда 6 мың метрге дейін және одан да терең 80 ұңғыма бұрғыланса, төртінші тоқсанда тағы 40 ұңғыманы бұрғылау жоспарланған.

Болашағы зор учаскелерді, әсіресе Үстірттің терең қабаттарын зерттеу, жаңа кен орындарын игеру және қолданыстағы ұңғымалардың тиімділігін арттыру жөніндегі жоспарлар таныстырылды.
Бұл мақсаттарға жету үшін бұрғылау жұмыстарын жаңа деңгейге шығару, үдерістерге заманауи технологиялық шешімдерді енгізу маңызды.
Осыған байланысты қазір Үстірт аумағында шетелдік серіктестермен бірлесіп жаңа ұңғымаларды бұрғылау, геофизикалық мәліметтерді қайта талдау және газ өндіру тиімділігін арттыру бағытында бірқатар нәтижелі жобалар жүзеге асырылуда.
Таныстырылым барысында «Узбекнефтгаз» АҚ және оның құрамындағы ірі кәсіпорындардың қаржылық нәтижелері де талданды. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша кәсіпорындардың жиынтық таза пайдасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өскен. Несие портфелін оңтайландыру нәтижесінде берешек азайып, жоғары пайызды несиелердің шарттарын қайта қарау арқылы пайыздық шығындарды үнемдеуге қол жеткізілген.

Таныстырылымда газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілетін арттыруға бағытталған жобаларға да ерекше тоқталынды. Олар жаңа магистральдық газ құбырларын салу, компрессор станцияларын жаңғырту сияқты шараларды қамтиды.
Бұл жобаларды іске асыру, сондай-ақ жекелеген станцияларда заманауи электр қозғалтқыштарын іске қосу газ жеткізудің тұрақтылығын арттырып, жылына 125 миллион текше метр газ үнемдеуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты жобаларды қаржыландыру көздеріне қатысты ұсыныстар да қаралды.
Таныстырылым барысында «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» кен орнында болған апатты жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды. Бұл жұмыстарға Қытайдың мамандандырылған компаниясы тартылған. Қазір арнайы техника мен жабдықтар оқиға орнына жұмылдырылып, ұңғымаларды бұрғылау учаскелерінде дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Апатты жою үдерісінің барлық кезеңінде қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету аса маңызды міндеттердің бірі екені атап өтілді.

Таныстырылымда тағы бір ірі жоба – Ферғана мұнай өңдеу зауытындағы өндіріс көлемін арттыру және оны қаржылық сауықтыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы да ақпарат берілді.
Қазір зауыттағы негізгі технологиялық қондырғылар жөнделіп, соның нәтижесінде дизель отынын өндіруді 30 пайызға, битум өндірісін 60 пайызға, ал авиакеросин өндіруді 5 есеге арттыруға қол жеткізілді.
Алдағы уақытта зауытты шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету, қолданыстағы қуаттарды тиімді пайдалану және берешекті азайту жөнінде ауқымды шаралар жүзеге асырылады. Жыл соңына дейін зауыттың өндірістік жүктемесі 40 пайыздан 65 пайызға жеткізіліп, кейін біртіндеп арттырылады.
Мемлекет басшысы геологиялық барлау және бұрғылау жұмыстарының нәтижелілігін арттыру, ірі жобаларды мұқият есептеулер мен нақты қаржыландыру көздері негізінде жүзеге асыру, сондай-ақ сала кәсіпорындарының қызметінде тиімділікке ерекше мән беру жөнінде жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.