Президент мектептерге жаңа буын оқулықтарын енгізу жөніндегі ұсыныстармен танысты
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев мектептерде жаңа буын оқулықтарын енгізу, жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық негізінде дуальді білім беруді ұйымдастыру, сондай-ақ Ляонин педагогикалық университетінің Өзбекстандағы филиалын ашу жөніндегі тұсаукесермен танысты.
Жаңа Өзбекстан мектебінің түлегі тек білімді ғана емес, заманауи дағдыларды меңгерген, ақпараттық технологияларды жетік білетін, шығармашылық және дербес ойлай алатын, шешім қабылдауға қабілетті тұлға болуы керек. Оқулықтар мен білім беру мазмұнын жаңарту жұмыстары осы мақсатқа бағытталған.
Таныстырылымда бұрынғы оқулықтарға жүргізілген талдау нәтижелері қаралды. Атап айтқанда, 260 оқулықтан 1 257 қате, ал 51 оқулықтан аудармаға қатысты 464 қате анықталған. Кейбір материалдар оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келмеген, тақырыптар күрделі баяндалған. Жаттап алуға басымдық берілуі балалардың өз бетінше талдау жасауына және алған білімін өмірде қолдануына жеткілікті мүмкіндік бермеген.

Сондықтан жаңа оқу әдебиеттерін әзірлеуде халықаралық тәжірибеге сүйенілген. Бастауыш сынып оқулықтары Финляндия білім беру альянсының сертификаттауынан өткен. Ал 5–7-сыныптарға арналған математика, физика, химия және биология оқулықтары Сингапур оқулықтарының негізінде әзірленген.
Жаңа тәсіл бойынша оқушының әр сыныпты аяқтаған кезде нені білуі және қандай дағдыларды меңгеруі керектігі нақты белгіленеді. Білім беру стандарты, оқу бағдарламасы, оқулықтар мен бағалау жүйесі өзара сабақтастықта қалыптастырылып, тақырыптардың жас ерекшеліктеріне сәйкестігіне, бірізділігіне және білімді тәжірибеде қолдану мүмкіндігіне назар аударылады. 2027 жылға дейін барлығы 1 342 атаудағы оқулық пен оқу-әдістемелік материал әзірлеу жоспарланған.
Оқулықтарға сыни ойлау, қарым-қатынас, ынтымақтастық пен шығармашылық қабілеттерді дамытуға арналған тапсырмалар енгізілуде. Мұнда баланың дайын жауапты жаттап алумен шектелмей, сұрақ қоюы, ақпаратты талдауы, өз пікірін дәлелдеуі және өзгелермен бірлесіп шешім табуы көзделген.

Оқу материалдарында кәсіптік бағдар беру мәселесіне де ерекше назар аударылған. Бұл бағытта 255 сабақ әзірленіп, балалардың өз қызығушылықтарын танып, болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына көмектесу көзделген. Оқулықтардағы кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы достық, жауапкершілік, батылдық пен құрмет сияқты құндылықтар да балаларға түсінікті мысалдармен жеткізіледі.
Экологиялық сауаттылыққа арналған 300-ден астам тақырып суды үнемдеу, табиғатты қорғау және табиғи байлықтарды ұтымды пайдалану дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Қаржылық сауаттылық аясында ақшаны есептеу, үнемдеу, жинақтау және сатып алуды жоспарлау мәселелері қамтылса, цифрлық сауаттылық бөлімінде интернетті пайдалы әрі қауіпсіз пайдалану жолдары қарастырылған.
Таныстырылымда жаңа оқулықтардың тиімділігі мұғалімдердің олармен жұмыс істеуге дайындығына тікелей байланысты екеніне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты жаңғырту жұмыстары мектепке дейінгі білім беруден бастап педагогтерді даярлау, олардың біліктілігін арттыру және оқушылардың білімін бағалау жүйесіне дейінгі барлық кезеңді қамтиды.

Атап айтқанда «Илк қадам» (Алғашқы қадам) бағдарламасы негізінде балалардың сөйлеу тілі, ойлау қабілеті, қарым-қатынас жасау және шығармашылық дағдыларын бірінші сыныпқа барғанға дейін дамыту жолға қойылған. Педагогикалық жоғары оқу орындарында жаңа буын мұғалімдерін даярлау басталды. Педагогтерге сыни ойлау, шығармашылық, қарым-қатынас және ынтымақтастыққа негізделген сабақтарды ұйымдастыру бойынша арнайы оқу модульдері әзірленді.
Біліктілікті арттыру бағдарламалары да жаңа оқулықтардың мазмұнына сәйкестендірілді. Осы негізде 110 мың бастауыш сынып мұғалімі біліктілігін арттырды. Сингапурлық серіктестермен бірлесіп, 121 шебер-тренер мен 739 тәлімгер-оқытушы даярланып, олардың көмегімен 90 мың педагог оқытылды.
Сабақтарда оқушылардың тақырыпқа қызығушылығын ояту, өз бетінше зерттеу жүргізуге ынталандыру, түсіндіру, білімді қолдану және нәтижені бағалауға негізделген әдістерді кеңінен пайдалану көзделіп отыр. Бейнесабақтар, анимациялар, аудиоматериалдар мен интерактивті тапсырмалар да мұғалімдер мен оқушыларға қосымша мүмкіндіктер береді.

Педагогтердің кәсіби өсуін бағалау және ынталандыру тетіктері жетілдірілді. Кәсіби сертификаттау кезінде мұғалімнің пән бойынша білімімен қатар, педагогикалық дайындығы да бағаланады.
Сонымен қатар жаңа білім беру мазмұнына сай, нақты өлшемдерге негізделген бағалау жүйесі 5 мың мектепте енгізілді. Бұл жүйе оқушының мәліметті жаттап алғанын ғана емес, оны түсінуі мен іс жүзінде қолдана алуын да бағалауға бағытталған.
Мемлекет басшысы оқулық әзірлеудің өзі жеткіліксіз екенін, жаңа мазмұнды оқу үдерісіне тиімді енгізу үшін педагогтердің дайындығын, оқыту әдістері мен бағалау жүйесін қатар жетілдіру қажеттігін атап өтіп, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.

Экономика салаларына жұмыс үдерісін білетін, заманауи дағдыларды меңгерген мамандар қажет. Осыған орай студенттердің жоғары оқу орнындағы теориялық білімін кәсіпорындардағы практикалық сабақтармен ұштастыру жөнінде ұсыныстар әзірленді.
Осыдан үш ай бұрын он ректор дуальді білім беру жүйесін зерттеу үшін Германияға жіберілген еді. Бұл елдің тәжірибесіне сәйкес, түлектердің 70–75 пайызы өздері тәжірибеден өткен кәсіпорындарда жұмысын жалғастырады. Таныстырылымда Германия тәжірибесін еліміздің жағдайына бейімдеу және кадр даярлау ісіне кәсіпорындардың қатысуын күшейту мәселелері қаралды.
Өзбекстанда да осы бағытта практикалық тәжірибе қалыптасып келеді. Атап айтқанда, Әндіжан облысында 11 мың студент 2 мың кәсіпорында дуальді білім беру негізінде тәжірибеден өтуде. Мемлекет басшысы барлық ректорға Әндіжанға барып, осы тәжірибені жергілікті жерде зерделеуді тапсырды. Германияға барған ректорлар өңірлер әкімдеріне бекітіліп, дуальді білім беруді ұйымдастыру бойынша нақты стратегиялар мен ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлейді.

Үшінші және төртінші курс студенттерінің кемінде 80 пайызын, яғни 185 мың жасты дуальді білім беру жүйесімен қамту мақсаты белгіленді. Алғашқы кезеңде инженерия, өндіріс, құрылыс және ауыл шаруашылығы сияқты салаларға басымдық беру ұсынылып отыр. 2027/2028 оқу жылында білім берудің осы түріне 75 жоғары оқу орны мен 3,5 мың кәсіпорынды тартып, 12,5 мың студенттің оқу мен өндірістік тәжірибені қатар өтуін ұйымдастыру жоспарланған.
Жаңа модельде жоғары оқу орны, кәсіпорын және студент арасындағы қарым-қатынас келісімшарт негізінде реттеледі. Оқу бағдарламасы кәсіпорынның қажеттілігіне бейімделіп, студентке жұмыс орнынан білікті тәлімгер бекітіледі. Өндірістік тәжірибе оқумен қатар немесе саланың ерекшелігіне қарай жеке кезеңде ұйымдастырылуы мүмкін.
Студенттерді тәжірибеден өткізіп, олардың оқуына жағдай жасаған және кейін жұмысқа орналастырған кәсіпорындарды ынталандыру шаралары да таныстырылды.

Атап айтқанда, студентке төленетін еңбекақының 50 пайызын субсидия есебінен өтеу, кедендік төлемдер мен амортизация бойынша жеңілдіктер беру, сондай-ақ 25-тен астам студентті тәжірибеге қабылдаған кәсіпорындарға мемлекеттік сатып алуларда артықшылықтар ұсыну көзделіп отыр. Мұндай қолдау шараларын адам факторын барынша азайта отырып, цифрлық платформа арқылы жүзеге асыру қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар дуальді білім беруді тиімді ұйымдастырған кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарын ынталандыру үшін байқау өткізу ұсынысы қаралды. Бұл ретте студенттерді қамту деңгейі, еңбекақы мөлшері, оқу үлгерімі және түлектердің жұмыспен қамтылуы негізгі нәтижелік көрсеткіштер ретінде бағаланады.
Таныстырылым барысында Қытайдың Ляонин педагогикалық университетінің Өзбекстандағы филиалының жұмысын ұйымдастыру мәселелері де қаралды. Бұл бастама қытай тілін меңгерген мамандар даярлауға, жоғары оқу орындарында, техникумдар мен мектептерде осы тілді оқытуды кеңейтуге бағытталған. Ляонин университеті – Қытайдағы педагогикалық бағыттағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Әсіресе психология, қытай тілі филологиясы және білім беру ғылымдары саласында мол тәжірибесі бар.

Атап айтқанда, студентке төленетін еңбекақының 50 пайызын субсидия есебінен өтеу, кедендік төлемдер мен амортизация бойынша жеңілдіктер беру, сондай-ақ 25-тен астам студентті тәжірибеге қабылдаған кәсіпорындарға мемлекеттік сатып алуларда артықшылықтар ұсыну көзделіп отыр. Мұндай қолдау шараларын адам факторын барынша азайта отырып, цифрлық платформа арқылы жүзеге асыру қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар дуальді білім беруді тиімді ұйымдастырған кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарын ынталандыру үшін байқау өткізу ұсынысы қаралды. Бұл ретте студенттерді қамту деңгейі, еңбекақы мөлшері, оқу үлгерімі және түлектердің жұмыспен қамтылуы негізгі нәтижелік көрсеткіштер ретінде бағаланады.
Таныстырылым барысында Қытайдың Ляонин педагогикалық университетінің Өзбекстандағы филиалының жұмысын ұйымдастыру мәселелері де қаралды. Бұл бастама қытай тілін меңгерген мамандар даярлауға, жоғары оқу орындарында, техникумдар мен мектептерде осы тілді оқытуды кеңейтуге бағытталған. Ляонин университеті – Қытайдағы педагогикалық бағыттағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Әсіресе психология, қытай тілі филологиясы және білім беру ғылымдары саласында мол тәжірибесі бар.