Президент медицина және фармацевтика саласының қызметкерлерімен кездесті
Президент Шавкат Мирзиёев «Куксарай» резиденциясында медицина және фармацевтика саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Мемлекет басшысы жиналғандарды жақындап келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтап, адам денсаулығын сақтау жолындағы еңбектері үшін алғыс білдірді.
– Отбасының қызығын көру, адал еңбек етіп, армандарына жету, өмірін мәнді өткізу үшін адамға ең алдымен денсаулық қажет. Сондықтан адам денсаулығын сақтауды реформаларымыздың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындадық, – деді Президентіміз.









Кейінгі он жылда 10 миллион тұрғынға қызмет көрсететін жаңа емханалар мен ауруханалар пайдалануға беріліп, 58 мың төсек-орын жасалды. Заманауи медициналық мекемелердің көбеюі және жекеменшік сектордың дамуының арқасында медициналық қызмет көлемі үш есе артты. Бұрын тек шетелде жасалған туа біткен жүрек ақауларын емдеу, ағза трансплантациясы, роботтандырылған хирургия және мидағы күрделі операциялар сияқты жүзден астам медициналық қызмет бүгінде елімізде көрсетіледі.
Фармацевтика өнімдеріне деген сұраныстың 70 пайызын ішкі мүмкіндіктер есебінен қамтамасыз ету көзделген. Соңғы жылдары салада жалпы құны 1 миллиард доллар болатын 330 жаңа фармацевтикалық өндіріс іске қосылды. Өңірлерде фармацевтикалық еркін экономикалық аймақтар құрылып, оларда 1 миллиард 200 миллион долларлық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Президент бұл өзгерістерге 800 мыңнан астам медицина және фармацевтика қызметкерінің лайықты үлес қосқанын атап өтті. Жақында салаға еңбегі сіңген бір топ маманды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлыққа қол қойылды. Кездесу барысында орден және медальдар иелеріне салтанатты түрде табысталды.
Мемлекет басшысы адам денсаулығын сақтау, озық ғылыми әзірлемелер мен емдеу әдістерін енгізу ісінде өзгелерге үлгі болып жүрген медицина қызметкерлеріне арнап «Ибн Сина» орденін тағайындауды ұсынды.
Кездесуде алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.









Бұл бағытта 28 ауданда сынақтан өткізілген жаңа жүйе аясында 7 миллион тұрғын отбасылық дәрігерлерге жеке-жеке бекітілді. Зертханалар іске қосылып, дәрігерлер мен медбикелер оқытылды, пациенттердің медициналық көмек алу тәртібі белгіленді. Кепілдендірілген медициналық қызметтер пакеті шеңберінде амбулаториялық емделушілерге дәрілік заттардың 69 түрі тегін беріледі. Бұл модель келесі жылдан бастап тағы 100 ауданда енгізіледі.
Аурулардың алдын алу және оларды ерте анықтау жұмыстары да кеңейтіледі. Асқазан, тоқ ішек, қуықасты безі және өкпе обырын ерте анықтау жұмыстары Самарқандтан басталып, 2028 жылдан бастап барлық аймақта қолға алынады. Қант диабеті, туберкулез, жүрек-қан тамырлары аурулары, әйелдердегі ісіктер және балалардағы онкогематологиялық ауруларды ерте анықтау бағдарламалары жалғасын табады.
Бес өңірде инфаркт пен инсультті ерте анықтау және емдеу бағдарламасының нәтижесінде осы аурулардан болатын мезгілсіз өлім-жітім 15 пайызға азайды. Ауру басталған кездегі «алтын сағат» ішінде 855 адам мезгілсіз өлімнен және мүгедектікке әкелетін асқынулардан аман қалды.
Келесі жылы бағдарлама барлық аудан мен қаланы қамтиды. Халыққа тегін берілетін дәрілік заттардың түрі 73-ке, медициналық тексерулердің түрі 36-ға жеткізіледі.
Салада білім беру, құрылыс, санитариялық-гигиеналық талаптар, пациенттердің қауіпсіздігі және қызметкерлердің мәдениетін қамтитын «Жаңа Өзбекстанның медицина стандарттары» енгізіледі. Алғашқы медициналық көмек буынының қызметкерлері кезең-кезеңімен арнайы киіммен тегін қамтамасыз етіледі. Үздік дәрігерлер мен медбикелерді ынталандыру шаралары кеңейтіліп, облыстық кезеңде жеңіске жеткен 14 дәрігер электромобильмен марапатталмақ. Салауатты өмір салтын насихаттайтын үздік он жобаның авторына 200 миллион сумнан грант беріледі.
Медициналық қызметтің сапасы, ең алдымен, кадрлардың даярлығына байланысты екені атап өтілді.
– Қанша заманауи клиника салсақ та, ең соңғы үлгідегі жабдықтарды сатып әперсек те, білікті мамандарсыз нәтиже болмайды, – деді Президентіміз.









Қазір 11 мемлекеттік жоғары оқу орнында жыл сайын 15 мың дәрігер даярланады. Келесі жылдан бастап студенттер аптасына үш күн науқастармен жұмыс істеуді үйренеді, ал түлектер соңғы оқу жылын толықтай медициналық мекемеде тәжірибеден өтумен өткізеді. Бакалавриатты бітірген мейіргерлер мен фельдшерлерге 1,5 миллион сум, магистратураны аяқтағандарға 2,5 миллион сум көлемінде қосымша үстемеақы төленеді. 2027 жылдан бастап шағын бейінді мамандықтар бойынша резидентурада оқу тегін болады.
Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға жеке сектор да жұмылдырылады. Алғашқы медициналық көмек буыны мен аудандық мекемелер қызметкерлерінің оқу шығындарын мемлекет өтейді. Медицина және фармацевтика қызметкерлерін мемлекеттік тіркеу жүйесі келесі жылдың 1 шілдесінен бастап әуелі ерікті негізде енгізіліп, 2030 жылдан бастап міндетті болады. Тіркеуден өткен дәрігерлерге, фармацевтер мен мейіргерлерге қосымша үстемеақы төленеді.
Жаңа медициналық мекемелер халық саны мен аумақтардың орналасу ерекшеліктеріне қарай бас жоспар негізінде құрылады. Мемлекеттік ауруханаларда кәсіпкерлерге заманауи жабдықтар орнату үшін орын бөлініп, көрсетілген қызметтерге сақтандыру жүйесі арқылы ақы төленеді. Жеке сектордан гемодиализ, зертхана, залалсыздандыру, оңалту және физиотерапия қызметтерін сатып алу кеңейтіледі.
Келесі жылы әрбір өңірге кемінде 150 миллион доллар инвестиция мен грант жұмылдыру міндеті жүктелді.
Геномика, жасуша және биотехнологиялар дамыған сайын медициналық зерттеулерде адам құқықтарын қорғаудың маңыздылығы атап өтілді.
– Адамның өмірі мен денсаулығына қатысты зерттеулерде оның құқықтары, келісімі мен қадір-қасиеті бірінші орында тұруы шарт, – деді Мемлекет басшысы.










