Өзбекстан – Түркия: радиациялық және ядролық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жолға қойылды
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің 70-ші Бас конференциясы аясында Өзбекстан мен Түркия арасында радиациялық және ядролық қауіпсіздік бағытында ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды келісімге қол жеткізілді
Атап айтқанда, Өнеркәсіп, радиациялық және ядролық қауіпсіздік комитеті жанындағы Радиациялық және ядролық қауіпсіздік ғылыми-техникалық орталығы мен Түркияның NÜTED (Nuclear Technical Support Joint Stock Company) ұйымы арасында ақпарат алмасуды және өзара ынтымақтастықты көздейтін құжатқа қол қойылды.
Келісім аясында екі тараптың ғылыми-техникалық әлеуетін тиімді пайдалану, салада жинақталған тәжірибе мен ғылыми білімді өзара алмасу, сондай-ақ заманауи тәсілдерді тәжірибеге енгізуге ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту, техникалық сараптама мүмкіндіктерін кеңейту және талдамалық әлеуетті арттыру жоспарланған. Мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында оқу-жаттығулар, семинарлар және кәсіби дамуға бағытталған басқа да іс-шаралар ұйымдастыру да ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Комитеттің ақпарат қызметінің хабарлауынша, тараптар өзара тиімді бағыттарда бірлескен жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыру арқылы радиациялық және ядролық қауіпсіздік саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді көздеп отыр.