Өзбекстан Президенті ТМҰ саммитінде маңызды бастамалар көтерді
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 30 қазан күні Анкара қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысты.
«Түркі дәуірі: тілде, ойда және істе бірлік» ұранымен өткен іс-шараға Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Республикасының сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов және Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев те қатысты.

Саммитке қатысушылар күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, мүше мемлекеттер арасындағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мүмкіндіктерін қарастырды.
Мемлекет басшысы сөзінің басында бұл жиынның ұлы өркениеттер тоғысқан Анкара қаласында жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін Түркия Президентіне алғыс білдірді.

Сондай-ақ іс-шара қарсаңында көрікті «Бештепе» саябағында мемлекеттеріміздің ұлттық-мәдени кешенінің ашылуы бауырлас халықтардың ортақ мұрасын сақтау жолындағы маңызды қадам болғаны және бұл символдық ескерткіш түркі әлемі бірлігінің жарқын нышанына айналатыны атап өтілді.
Президентіміз қазіргі кезде халықаралық қатынастар жүйесі түбегейлі өзгеріп, геосаяси бәсекелестіктің күшейіп келе жатқанын, түркі әлеміне іргелес өңірлерде орын алып жатқан қайшылықтар қауіпсіздік пен даму перспективаларына кері әсерін тигізіп отырғанын атап өтті.

Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйымын өзара сенім мен практикалық серіктестік алаңы ретінде одан әрі топтастыру қажеттігіне назар аударды.
– Барлығымыз осы игі мақсат жолында бірлесе әрекет етуге дайынбыз және күш-жігерімізді түркі бірлігіне жұмылдыруға әзірміз, – деді Өзбекстан басшысы.
Мемлекет басшысы түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру жөнінде бірқатар маңызды бастама көтерді.

Түркі мемлекеттері ұйымы аясында өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша тұрақты саяси консультациялар өткізу, ортақ ұстанымдар мен күш-жігерді үйлестіру маңызды. Осы мақсатта үшінші елдермен «Түркі мемлекеттері ұйымы плюс» форматындағы ынтымақтастықты салалық министрлердің кездесулерінен бастауды ұсынды.
– Бұл диалогтар сауда, көлік, инвестиция және басқа да басым бағыттарда нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталуы тиіс, – деп атап өтті Шавкат Мирзиёев.
Сирек кездесетін минералдарды қайта өңдеу және «жасыл» энергетика жабдықтарын жергіліктендіруді қоса алғанда, жүз стратегиялық бірлескен инвестициялық және өнеркәсіптік жобаны қамтитын «Түркі әлемі – 100» бағдарламасын қабылдау ұсынылды. Бұл жобаларды жүзеге асыруға Түркі инвестициялық қоры мен халықаралық қаржы институттарының ресурстарын бағыттау маңызды.

Сондай-ақ кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау мақсатында «Коммерциялық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы» көпжақты шарт жасасу және құқықтық көмек туралы сұрау салулар мен құжаттарды электронды түрде алмасуға арналған цифрлық платформа құру бастамасы көтерілді.
Жаһандық жеткізу тізбектері өзгеріп жатқан қазіргі жағдайда түркі мемлекеттерінің географиялық орны мен транзиттік мүмкіндіктері барған сайын стратегиялық маңызға ие болып отыр.
Орта дәлізді тұтас экономикалық жүйеге айналдыру мақсатында «Түркі мемлекеттерінің логистикалық кешендер желісін» құру және оны бірлесіп басқару ұсынылды. Бұл халықаралық жүк тасымалы мен логистика саласындағы мемлекеттеріміздің қатысу аясын кеңейтіп, экономикалық тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Туризм әлеуетін кеңейту үшін «Түркі туризм альянсын» құру, сондай-ақ халықтың өзара сапарларын жеңілдетіп, жеке куәлік негізінде саяхаттау мүмкіндіктерін кеңейтетін көпжақты келісім әзірлеу ұсынылды.

Елімізде шетелдік жастарға арналған «Жаңа Өзбекстан стипендиясы» бағдарламасы аясында түркі мемлекеттерінің өкілдеріне жыл сайын білім гранттары бөлінетіні айтылды.
Сонымен қатар 2027 жылды «Табиғатты қорғау жылы» деп жариялау бастамасын қолдағаны үшін алғыс білдіріліп, Өзбекстанның ұсынысымен тағайындалған ұлы ойшыл әрі мемлекет қайраткері Әлішер Науаи атындағы халықаралық сыйлықтың Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, елші Дүйсен Қасейіновке табысталғаны ризашылықпен атап өтілді.
Бүкіл ғұмырын түркі тілінің дамуына арнаған хазірет Әлішер Науаи: «Тіліне ие болмаған – еліне де құрметсіз», – деп айтқан еді. Бүгінгі саммиттің ұранын негізге ала отырып, барлық түркі халықтарына бірдей түсінікті әрі тілдерімізге ортақ сөздерді қамтитын «Жалпытүркілік сөздік» жасау бастамасы ұсынылды.
– Бүгінгі Анкара саммиті ізгі мақсаттарымызға, бірлік мұратымызға және ауқымды жоспарларымызға қол жеткізу жолындағы маңызды қадам болатынына сенімдімін. Өйткені баршамыздың арман-тілегіміз бен ұмтылысымыз ортақ. Бір болсақ, күшіміз арта түседі. Ынтымағымыз жарасса, бұдан да биік белестерді бағындырамыз, – деді Мемлекет басшысы сөзінің соңында.
Іс-шара барысында ұйымның жаңа Бас хатшысы қызметіне Өзбекстан өкілі Мирвоҳид Азимовтың кандидатурасы қолдау тапқаны, сондай-ақ келесі саммиттің келер жылы Өзбекстанда өтетіні хабарланды.
Саммит соңында Анкара декларациясы және ұйымға мүше елдер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бағытталған бірқатар құжат қабылданды.