Өзбекстан Президенті Тәжікстан парламенті Маджлиси миллий Төрағасын қабылдады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 4 қарашада елімізге ресми сапармен келген Тәжікстан Республикасы Маджлиси олий Маджлиси миллий Төрағасы Рустами Эмомалиді қабылдады.
Кездесу басында Маджлиси миллий Төрағасы Мемлекет басшысына Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның жылы әрі ізгі тілектерін жеткізді.


Әңгімелесу барысында Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы достық, тату көршілік, стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарды, соның ішінде екі ел парламенттері арасындағы ынтымақтастық аясында одан әрі дамыту мәселелері қаралды.
Барлық бағыттағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді. Өзара сауда және жүк тасымалы көлемі артып келеді. Өнеркәсіп, құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы, электротехника және басқа да салаларда кооперациялық жобалар табысты жүзеге асырылуда. Бірлескен инвестициялық компания да тиімді жұмыс істеп келеді.


Астаналар мен өңірлер арасындағы тікелей байланыстарды ынталандыру, мәдени-гуманитарлық, білім беру және туризм салаларындағы алмасуларды кеңейту маңызды екені айтылды.
Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар мен бірлескен бастамаларды ілгерілетуде заң шығарушы органдардың рөлін арттыруға, осы бағытта парламенттік комиссиялар, достық топтары мен салалық комитеттердің жұмысын жандандыруға ерекше назар аударылды.


Кездесу соңында Өзбекстан Президенті Рустами Эмомалиді екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайтуға қосқан зор үлесі, парламенттер арасындағы диалогты кеңейту бағытындағы жемісті қызметі үшін еліміздің жоғары наградасы – «Фидокорона хизматлари учун» орденімен марапаттады.

