І Орталық Азия студенттер спорты форумы Өзбекстанда өтеді
І Орталық Азия студенттер спорты форумында осы саланы дамыту және өңірлік ынтымақтастық мәселелері талқыланады.
Форумы 29 қыркүйек – 2 қазан аралығында Халықаралық университеттік спорт федерациясының президенті Леонц Эдердің Өзбекстанға сапары аясында ұйымдастырылады.
Оның негізгі мақсаты – Өзбекстанның студенттер спортын дамыту бағытындағы тәжірибесін халықаралық деңгейде кеңінен таныту, саладағы өзекті мәселелерді талқылау және Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту.

Іс-шара барысында студенттер спортын дамытудың заманауи тәсілдері, саладағы өзекті мәселелер және алдағы ынтымақтастықтың перспективалары жөнінде пікір алмасу жоспарланған. Форумға федерация басшылығымен қатар Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Түрікменстан студенттер спорты федерацияларының өкілдері қатысады деп күтілуде.
Сондай-ақ Халықаралық университеттік спорт федерациясының президенті студенттер арасында өтетін «Бес бастама» олимпиадасының спорттық жарыстарының салтанатты ашылу рәсімдеріне қатысады.