Мемлекет басшысы Ташкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев 23 сәуір күні Ташкент қаласының «Мирза Ұлықбек» ауданы әкімдігіне барды.
Мемлекет басшысы алдымен әкімдік ғимараты маңындағы «Салар» каналы үстіне салынған көпірді көріп, аумақтағы көгалдандыру жұмыстарымен танысты әрі сол жерде көшет отырғызды.

Одан кейін аудан әкімдігі ғимаратында жасалған жағдайлармен танысты.
Президент 1992–1996 жылдары осы ауданының әкімі қызметін атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқаны атап өтілді. Әкімдік ғимаратында сол кезеңдегі қызмет кабинеті мен қызметтік автокөлігі қайта қалпына келтіріліп көрсетілді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы әкім болған кезде қабылдаған маңызды шешімдері көрмеге қойылған. Танысу барысында Президент сол уақыттағы қызметіне қатысты естеліктерімен бөлісті.

Осы уақытқа дейін «Мирза Ұлықбек» ауданында қоғамдық қауіпсіздік, көлік, әлеуметтік көмек, коммуналдық қызмет, қаржы және банк салаларындағы 30-ға жуық ұйым өз бағыттары бойынша бөлек-бөлек жұмыс істеп келген. Бірыңғай жүйенің болмауы тұрғындардың өтініштерін жедел шешуге кедергі келтіріп, артық уақыт пен әуре-сарсаңға себеп болушы еді.

Қазіргі таңда әкімдікте жағдайлар орталығы құрылып, жасанды интеллект негізінде талдау жүргізетін, мәселелерді жедел анықтап, шешуге мүмкіндік беретін «Ақылды аудан» платформасы іске қосылды. Ең бастысы, ауданның барлық махалла өкілдерімен онлайн байланыс орнатып, жағдайдан үнемі хабардар болу мүмкіндігі жасалған.

Бұл жерде әлеуметтік және коммуналдық мәселелер мониторингтен өткізіліп, тұрғындардың өтініштерінің орындалуы қадағаланады, төтенше жағдайларда тиісті қызметтердің жұмысы жедел басқарылып, үйлестіріледі.

Платформа құрамындағы «Қауіпсіз аудан» жүйесі құқықбұзушылықтарды бақылап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қызмет етеді. Кәсіпкерлік субъектілерінің цифрлық картасы жасанды интеллект талдауы негізінде салық түсімдерін болжауға және олардың жиналуын қамтамасыз етуге бағытталған. Ал «AI Davomat» жүйесі мектептерде себепсіз сабақтан қалу жағдайларын азайтып, кәмелетке толмағандар арасындағы бақылаусыздықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады.

Мұндай платформалар «Чиланзар», «Шайхантахур» және «Алмазар» аудандарында да іске қосылған.



Мемлекет басшысы жағдайлар орталығының қызметімен танысып, осы жаңа жүйені елорданың басқа аудандарында да енгізуді тапсырды. Сонымен қатар барлық өңір әкімдері, прокурорлар, ішкі істер, қауіпсіздік және салық органдарының басшылары осы ауданға келіп, аталған жүйені үйренуі қажеттігі атап өтілді.