Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтерудің басым бағыттарын айқындады
Президент Шавкат Мирзиёев Хиуа қаласында кәсіпкерлермен ашық диалог өткізді.
Жиынға еліміздің барлық өңірлерінен, соның ішінде аудандық студиялардан 25 мыңға жуық кәсіпкер қатысты.
Мемлекет басшысы ел экономикасының қуатын нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқан 1 миллион 200 мың кәсіпкерден тұратын бизнес қауымдастықты Кәсіпкерлер күнімен құттықтады.

Бес жыл бұрын кәсіпкерлермен ашық диалог өткізу дәстүрі басталғалы бері бизнестің дамуына кедергі болған мыңдаған мәселе шешімін тапты. Осы бағытта 84 заң, 861 жарлық пен қаулы қабылданды.
– Не үшін? Кәсіпкерлерімізге жағдай жасап, жаңа жұмыс орындарын көбейту, халқымызды алысқа бармай-ақ, өз махалласында табысты ету үшін! – деді Президент.

Өткен кезеңде бизнеске бөлінетін кредит портфелі шамамен 3 есеге өсіп, 450 триллион сумға жетті. Кәсіпорындардың негізгі капиталға салған инвестициясы да 3 есеге артты.
Өнеркәсіп көлемі 100 миллион доллардан асатын аудандар саны 66-дан 116-ға, қызмет көрсету көлемі 1 триллион сумнан асатын аудандар саны 41-ден 152-ге көбейді. Ұлттық брендін қалыптастырып, ел бойынша филиалдарын ашқан кәсіпкерлер қатары да арта түсті.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары Хорезмде де кәсіпкерлік үшін жаңа мүмкіндіктер жасалғанын атап өтті. Қысқа мерзім ішінде өңірге 4 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылып, 10 мың жаңа өндірістік қуат іске қосылды. Бүгінде облыс экономикасының 72 пайызын шағын бизнес қалыптастырып отыр, ал экспорттағы оның үлесі 81 пайызға жетті.

Әлемдегі күрделі жағдайға қарамастан, биылғы жылдың бірінші жартысында Өзбекстан экономикасы 8,5 пайызға өсті. Халықаралық рейтинг агенттіктері еліміздің егеменді кредит рейтингін жақсартты.
Мемлекет басшысы бұл нәтижелер, ең алдымен, кәсіпкерлермен иық тіресе жүзеге асырылып жатқан реформалардың жемісі екенін атап өтті.

Кездесуде кәсіпкерлер көтерген мәселелер негізінде бес басым бағыт бойынша жаңа бастамалар жарияланды.
Бірінші бағыт – кәсіпкерліктің тұрақты өсу траекториясын қамтамасыз ету.

Шағын және орта бизнесті қаржыландырудың жаңа жүйесі құрылады. «Кредит қызметтерінің бірыңғай цифрлық порталы» арқылы кәсіпкер бір ғана өтінім беріп, банктердің ұсыныстарын ала алады. Ал кәсіпкерлікті енді бастағандар 5 миллиард сумға дейінгі кредитті онлайн рәсімдей алады.
Бизнестің әрбір кезеңіне сәйкес келетін тұтас экожүйе қалыптастырылып, жаңа кәсіпкерлерге арналған «Бизнес старт», өндірісті жолға қойғандарға «Бизнес лифт», ал жаңа өсу кезеңіне өтіп жатқан кәсіпкерлерге «Бизнес юксалиш» бағдарламалары енгізіледі.

«Бизнес старт» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге жасанды интеллект көмегімен жоба мен кредит құжаттарын әзірлеу, есеп жүргізу үйретіледі. Дайын бизнес-жоспар негізінде 200 миллион сумға дейін кепілсіз кредит беру жолға қойылады.
– Кәсіпкерге жай ғана кредит беріп қоймай, оны алғашқы қадамынан бастап ірі бизнеске айналғанға дейін жан-жақты қолдайтын кешенді жүйе құрамыз, – деді Мемлекет басшысы.


Шағын бизнес үшін кепіл мәселесін жеңілдету мақсатында «контр-кепілдік» жүйесі енгізіледі. 10 миллиард сумға дейінгі кредит алу үшін кәсіпкердің өзі кредит сомасының 25 пайызы көлемінде кепіл ұсынса жеткілікті болады.
Екінші бағыт – өңірлердегі бизнес мүмкіндіктерін кеңейту.
Мемлекеттік активтерді сатып алу кезінде бастапқы жарна 30 пайыздан 15 пайызға дейін төмендетіледі. Кәсіпкер құнының жартысын төлеген жағдайда, қалған бөлігін 7 жыл ішінде пайызсыз бөліп төлеу мүмкіндігіне ие болады.
Аукционға шығарылатын жер учаскелері құрылысқа қажетті құжаттары әзірленген «дайын пакет» түрінде саудаға қойылады.
Банктер балансындағы жалпы құны 9 триллион сум болатын 2,5 мың нысанды жеңілдетілген бағамен, бастапқы жарнасыз және пайызсыз бөліп төлеу шартымен сатуға рұқсат беріледі.
Науаи, Жызақ, Наманган, Үргут және Хазорасп арнайы экономикалық аймақтарының бір бөлігінде «Бонд индустриялық аймақтары» ұйымдастырылады. Мұнда жергіліктендіру, R&D, зертханалық және инженерлік қызметтер бірыңғай тізбек бойынша жолға қойылады.
Электр энергиясы мен газ үшін 100 пайыз алдын ала төлем жасау талабы да қайта қаралады. АСКУЭ және АСКУГ жүйелеріне қосылған әрі төлем тәртібін сақтайтын кәсіпорындар үшін аванс мөлшері 15 пайыз болып белгіленеді.
Үшінші бағыт – «жасанды интеллект – басқару тиімділігі – жаңа инвестициялар» экожүйесін қалыптастыру.
– Бүгінде қай кәсіпкер қосылған құнды арттырып, жасанды интеллект көмегімен өнімділікті көтеріп, өзіндік құнды төмендетудің жолдарын іздесе, ертеңгі нарық соныкі, – деді Президент.
«10 мың кәсіпорынға – жасанды интеллект серіктесі» бағдарламасы іске қосылады. Кәсіпорындардың жасанды интеллект енгізуге жұмсаған шығындарының 50 пайызы өтеледі. Жаңа өнімге арналған модель әзірлеу кезінде суперкомпьютерді тегін пайдалану мүмкіндігі беріледі.
Бағдарламаның алғашқы кезеңіне кемінде 100 миллион доллар бөлінеді.
Жергілікті кәсіпорындарды капитал нарығына шығаруға арналған акселерация бағдарламасы іске қосылып, жыл сайын 50 ірі кәсіпорын IPO-ға дайындалады.
Ірі инвестициялық жобаларда кадр даярлау компоненті міндетті болады. Үргеніште жолға қойылған кәсіптік даярлау тәжірибесі барлық өңірлерге енгізіліп, 1 миллион жасты заманауи кәсіптерге оқыту көзделген.
Төртінші бағыт – экспорттық әлеуетті арттыру және ұлттық брендтерді сыртқы нарықтарға шығару.
Сыртқы нарыққа шығудың барлық кезеңінде кешенді қызмет көрсететін «Экспорт навигаторы» жүйесі іске қосылады. Шетелде сұранысқа ие 100 өнімнің тізімі жасалып, олардың әрқайсысы бойынша нарық, тариф және логистикалық шешімдер әзірленеді.
Екі мың кәсіпорынның өндірістік үдерістері сыртқы нарық талаптарына бейімделеді. Кәсіпкерлерге шетелдік брендмейкерлерді тарту, ұлттық брендтерді сыртқы нарықта ілгерілету, маркетплейстер мен халықаралық тендерлерге қатысу шығындарының бір бөлігі өтеледі.
Экспорттаушыларды қолдаудың бірыңғай жүйесіне кемінде 1 миллиард доллар бағытталады.
– Бүгінде әлемде нарық үшін күрес күн сайын күшейіп келеді. Мұндай жағдайда шетел нарығына шыққан кәсіпкер ешқашан өзін жалғыз сезінбеуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Негізгі және перспективалы сыртқы нарықтарда «экспорт елшілері» қызметі жолға қойылады. Экспорттан түсетін валюталық түсімді қайтару мерзімдері ұзартылады, бірқатар шектеулер алынып тасталады.
Бесінші бағыт – бизнеске түсетін әкімшілік қысымды күрт азайту.
– Экономиканы «көлеңкеден» шығару тексеру арқылы емес, кәсіпкерге жол көрсетіп, дұрыс жұмыс істеуге үйрету арқылы жүзеге асуы керек, – деді Президент.
Шағын бизнесте адам денсаулығына немесе басқа кәсіпкерлердің мүдделеріне зиян келтіруге байланысты емес кез келген тексеруге үш жыл мерзімге мораторий жарияланады.
Ерікті профилактикалық аудиттен өткен орта және ірі бизнес субъектілері анықталған кемшіліктерді жойған жағдайда, оларға айыппұл салынбайды. Айыппұлдардың барлық түрінің мөлшері орта есеппен 2 есеге азайтылады.
Келесі жылдан бастап кәсіпкер мен мемлекет арасындағы дауларда «Кәсіпкердің адалдығы презумпциясы» және «Бірінші қателік үшін ескерту» қағидалары енгізіледі.
Кәсіпкерлікке қатысты мемлекеттік қызметтердің жартысы «үнсіздік – келісім» қағидатына көшіріледі. 30-дан астам қызмет түрі бойынша лицензиялар мен рұқсаттар жойылып, тағы 35 құжатты беру мерзімі қысқартылады.
Азық-түлік экспорты үшін талап етілетін бірнеше рұқсат құжатының орнына бірыңғай «Денсаулық сертификаты» енгізіледі.
Кездесуде туризм саласындағы кәсіпкерлерді қолдау шаралары да белгіленді.
Қонақүй салу, реконструкциялау және жабдықтау үшін 50 миллион доллар көлемінде ресурс бөлінеді. Үш, төрт және бес жұлдызды қонақүйлер салуға берілетін субсидия мерзімі тағы екі жылға, ал жер және мүлік салығы бойынша жеңілдіктер 2030 жылға дейін ұзартылады.
Туроператорлардың шетелдік туристерге көрсететін қызметтері экспортпен теңестіріледі. Туристік автобустар мен электробустарды импорттауға берілетін жеңілдіктер де жалғастырылады.
Кездесу соңында экономиканы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған негізгі межелер айқындалды.
– Біз 40 миллион халқы бар елміз. Халқымыздың тұрмысын одан әрі жақсарту үшін жоғары экономикалық өсімді сақтап қалуымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Биыл жалпы ішкі өнім көлемін 180 миллиард доллардан, экспортты 40 миллиард доллардан асыру міндеті жүктелді.
Әр өңірдің әлеуетіне қарай жаңа өсу нүктелері белгіленді. Ташкентте экспортқа бағытталған бизнесті, Ферғана аңғарында толық өндірістік тізбегі бар өнеркәсіпті, Самарқанд, Бұхара және Хорезмде туризм, креативті индустрия және агроөнеркәсіптік брендтерді дамыту міндеті қойылды.
Науаи және Ташкент облыстарында тау-кен өнеркәсібі, металлургия және ғылыми химия, Қашқадария мен Сұрхандарияда агроөнеркәсіп және мұнай-газ химиясы, Қарақалпақстанда «жасыл» энергетика, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект, Жызақ пен Сырдарияда автомобиль жасау, электротехника және құрылыс материалдары негізгі өсу нүктелері ретінде белгіленді.
Ашық диалог барысында Президентіміз кәсіпкерлердің ұсыныстары мен бастамаларын тыңдады.
– Елімізде заманауи ойлайтын, өз бизнесін кеңейту үшін жаңашылдыққа ұмтылатын кәсіпкерлердің жаңа буыны қалыптасып келеді.
Ешқашан алға ұмтылудан, өсуден, дамудан және жаңашылдыққа ұмтылудан тоқтамаңыздар! Сіздердің артыңызда әрдайым қолдау көрсететін қуатты мемлекет, құқықтарыңыз бен мүдделеріңізді қорғайтын заң, бастамаларыңыз бен мақсаттарыңызды жүзеге асыруда әрдайым бірге болатын Президент бар! – деді Мемлекет басшысы кездесуді қорытындылай келе.