Мемлекет басшысы Жаңа Қаршы қаласының жобасымен танысты
Президент Жаңа Қаршы қаласын салу және Қаршы магистральдық каналының бойында туристік кешен құру жобаларымен танысты.
Жаңа қаланың құрылысы үшін «Самарқанд – Ғузар» бағытындағы А-378 және Шахрисабзға апаратын 4Р-79 автомобиль жолдарының арасынан 5 200 гектар жер таңдалған. Бұл аумақ құнарлылығы төмен, пайдаланылмай жатқан шөлейт және жайылымдық жерлерден тұрады. Алдын ала әзірленген бас жоспар 500 мың тұрғынға арналған.

Мемлекет басшысы болашақта халқының саны 1 миллионға жететін, Қаршы қаласына заманауи балама болатын ірі орталық ретінде жоспарлау қажеттігін атап өтті.
Жаңа қалаға облыс әкімдігі мен басқа да мемлекеттік мекемелерді көшіру көзделген. Мұнда конгресс-холл, концерт залдары мен қонақүйлер салынып, Самарқанд пен Бұхарадағыдай ірі халықаралық форумдарды қабылдай алатын туристік орталық қалыптастырылады.

Көлік желісі қаланың басқа аумақтармен қолайлы байланысын қамтамасыз етуге тиіс. Президент әуежай мен теміржол вокзалын жаңа қаламен байланыстыратын электрлі қоғамдық көлік қатынасын, қажет болған жағдайда, жерүсті метро желісін іске қосуды тапсырды.
Таныстырылым барысында Қаршы магистральдық каналының бойында туристік кешен құру жобасы да қаралды. Ұзындығы үш шақырымдық серуендеу аймағын ұйымдастыру үшін 235 гектар жер бөлінген. Жоба төрт кезеңмен жүзеге асырылып, алғашқы кезеңде 30 гектар аумақта қолөнершілер қалашығы мен туристік аймақ салынады.

Кешен аумағында қонақ үйлер, мейрамханалар мен дүкендер, музей, аквапарк, балалар ойын алаңдары және қайық жүзетін жасанды көл салу жоспарланған.
Мемлекет басшысы жаңа қала мен туристік кешеннің бас жоспарларын әзірлеуге беделді шетелдік жобалау және сәулет компанияларын тартуды, бұл ретте қауіпсіздік, қолайлылық, қолжетімді баға және «ақылды» қала қағидаттарын қаперде ұстап, ұмытпауды тапсырды.