Мемлекет басшысы Имам Матуриди кешенінде атқарылған жұмыстармен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев Самарқанд қаласындағы Имам Матуриди мемориалдық кешенінде атқарылған абаттандыру жұмыстарымен танысты.
Мемлекет басшысының шешіміне сәйкес, өткен жылы елімізде Әбу Мансур Матуридидің туғанына 1155 жылдығы кең көлемде атап өтілді. Осыған орай «Чокардиза» зираты аумағындағы кешенді қайта жаңғырту және абаттандыру жұмыстары басталған еді.

Жалпы аумағы 10,2 гектар болатын кешенде зияратшыларға арналған жаңа мешіт салынды. Имам Матуриди мен Бурханиддин Марғинанидің кесенелері толықтай қайта жаңғыртылды. Кешен құрамында ғұламаның мұрасын терең зерттеуге арналған ғылыми орталық, кітапхана және музей құрылды.

Мемлекет басшысы осы білім ордаларының маңызына ерекше тоқталды.

– Мұндай білім ошақтарын құрудағы мақсатымыз – ұлы бабаларымыздың мұрасын терең зерттеп, жастарымызға жеткізу. Бүгінгі таңда бізге осынау білім өте қажет. Мұнда жастарымыз Матуриди бабамыздың мың жыл бұрын жазған еңбектерін зерттейді. Ол кісі сол кездің өзінде әрбір мәселені терең білім мен нақты дәлелдер арқылы негіздеп, адамдарды надандықтан сақтандырған. Бұл еңбектерді зерттеп, олардың мәні мен мазмұнын жастарымызға жеткізу бүгін бұрынғыдан да маңызды.
Қасиетті орынның кіреберісінде пештақ салынып, келушілерге арналған қонақ үйлер мен автотұрақ бой көтерді. Кешен аумағына жергілікті және еліміздің климатына бейімделген шетелдік ағаштар мен бұталардың көшеттері отырғызылды.

Ғұламалардың рухына құрмет көрсетіліп, Құран оқылды.

Мемлекет басшысы кешенге келген әрбір адам Имам Матуридидің ғылыми-рухани мұрасы мен ислам әлеміндегі орны туралы түсінік алуы керектігін атап өтті.

– Мұндай ұлы қасиетті орындарды абаттандырудың негізінде терең руханият, ағарту, білім мен ғылым жатыр. Адамдар бұл жерге келіп, зиярат етіп қана қоймай, білім алып, өз болмысын танып-білуі керек, – деді Мемлекет басшысы.