Мемлекет басшысы Әндіжандағы жаңа жол өткелімен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев Әндіжан қаласындағы «Бабыршаһ» көшесінің екі бөлігін жалғайтын жаңа жол өткелімен танысты.
Нысан қаланың екі бөлігін тікелей байланыстырып, көлік қозғалысын жеңілдетуге және артық айналма жолды жоюға мүмкіндік береді. Жалпы құны 271 миллиард сум болатын жоба Мемлекет басшысының Әндіжан облысына бұған дейінгі сапары барысында берген тапсырмасы негізінде жүзеге асырылды.

Жол өткелінің жалпы ұзындығы 796 метр, ені 25,9 метрді құрайды. Оның 596 метрі эстакададан, 200 метрі тіреу қабырғасы бар жол бөлігінен тұрады.
Жаңа нысан, ең алдымен, тұрғындарға үлкен қолайлылық жасады. Енді Әндіжан қаласы мен «Алтынкөл» ауданында тұратын 140 мың тұрғын 5,3 шақырым артық жол жүрмейді.

Сонымен қатар арнайы қызмет көліктерінің жүріп өтетін қашықтығы 15 шақырымнан 9,3 шақырымға дейін қысқарды. Артық жолдың және теміржол өткеліндегі күту уақытының жойылуы нәтижесінде межелі жерге жету уақыты 17 минутқа дейін азаяды.
Бұл, әсіресе, жедел медициналық көмек көрсету кезінде аса маңызды. Енді науқастарды жедел медициналық көмек орталығына бұрынғыдан 14 минут ертерек жеткізуге мүмкіндік туды.