Ұлыбританияда үшінші рет локдаун енгізіледі
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон елде коронавирустық ахуалдың нашарлауына байланысты жаңа ұлттық локаунд енгізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол халыққа жолдауында айтқан.
Жаңа шектеулер 5 қаңтардан бастап күшіне еніп, онда Ұлыбританияның барлық мектептері қашықтықтан оқыту жүйесіне көшеді.
Негізгі шектеулер 6 қаңтардан бастап күшіне енетін болған. Атап айтқанда, ел бойынша қажетті болмаған жағдайда адамдардың үйден шығуына тыйым салынып, созылмалы аурулары бар азаматтардың үйден мүлдем шықпауға кеңес берілген.
«Вирустың жаңа штампы қорқынышты түрде үлкен жылдамдықпен таралуда. Мұны тоқтату үшін үшінші ұлттық локдаун қажет екені анық. Бұл шаралар коронавирусты бақылауға және елде ауқымды емдеу шараларын жүргізуге көмектеседі», - деген Джонсон.
Оның айтуынша, коронавирустың жаңа түрінің тез таралуы үкіметті алаңдатуда. Ғалымдар жаңа штамның бұрынғыға қарағанда 50-70 пайызға жұғымды екенін дәлелдеген. Нәтижесінде, елдегі ауруханалар бұрынғыдан да үлкен қиындықты бастан кешуде, егер жаңа шаралар қабылданбаса, денсаулық сақтау жүйесінің қорлары 3 аптадан кейін таусылуы мүмкіндігін айтқан.