Жолдастық кездесу: Өзбекстан құрамасы Сауд Арабиясын жеңді
Қатар астанасы Дохадағы «Жассим бен Хамад» стадионында Өзбекстан ұлттық құрамасы Сауд Арабиясы командасымен халықаралық жолдастық кездесу өткізді.
Кездесуде Фабио Каннаваро шәкірттері 2:1 есебімен жеңіске жетті. Матчтың 19-минутында Шерзод Эсанов қарсылас қорғаушысының қателігін ұтымды пайдаланып, есеп ашты. Алайда араға төрт минут салып, Фирас әл-Бурайкан баспен соққы жасап, таразы басын теңестірді. 35-минутта Бехруз Каримов айып алаңына асырған допты Шерзод Эсанов қақпаға бағыттап, дубль авторы атанды. Ал 39-минутта Хусайн Норчаев соққан гол офсайдқа байланысты есепке алынбады.
Екінші таймның 50-минутында Аббос Файзуллаевқа қарсы дөрекі ойнаған Әли Лажами қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Қалған уақытта есеп өзгермей, Өзбекстан құрамасы жеңісті сақтап қалды.
