«Jibek Joly» туристік пойызы: Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа саяхат бағыты
Қазақстанда 2025 жылдың 2-7 қаңтар аралығында «Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Алматы» бағытын байланыстыратын «Jibek Joly» (Жібек жолы) атты туристік пойыз жолға шығады.
Қазақстан Туризм индустриясы комитетінің мәліметінше, бес күндік саяхат барысында туристер тарихи құндылықтар мен көне қалалардың жұмбаққа толы атмосферасымен танысады.
Саяхатшылар үшін барынша жайлы жағдайлар жасалған. Заманауи вагон, дәмді ұлттық тағамдар, кәсіби гидтердің қызметтері мен ерекше экскурсиялық бағдарламалар, әрбір сәтті есте қаларлықтай етеді.
Бағыт Түркістандағы ұлы ойшыл Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен басталып, Арыстанбап кесенесі мен Хазрет Сұлтан тарихи-мәдени қорық-музейін, Ташкенттегі әйгілі Хазреті Имам кешенін және Самарқандтың ғажайып Регистан алаңын аралауға мүмкіндік береді.
Бұл маңызды жобаның алғашқы қадамы биыл қараша айында жасалды. «Жолаушы тасымалы» АҚ пилоттық жоба ретінде «Алматы – Түркістан – Ташкент – Алматы» бағытында «Jibek Joly» туристік пойызын іске қосып, Қазақстан мен Орталық Азияның мәдени және тарихи байлығын танытуда үлкен қадам жасады.