Жапониямен бірлескен жоба: Өзбекстанда анимация таланттары тәрбиеленеді
Өзбекстанда анимация әлеміндегі көшбасшы елдердің бірі — Жапониямен бірлесіп, таланттарды дамытуға бағытталған жаңа бағдарлама қолға алынбақ.
Бұл жай ғана оқу курсы емес, ұлттық кейіпкерлерді әлемдік экрандарға шығаруға бастайтын стратегиялық қадам болмақ.

Өзбекстанның Цифрлық технологиялар министрлігі мен «ELF-IN Co., Ltd» компаниясы арасында анимация және компьютерлік графика саласын дамытуға, сондай-ақ осы бағытта білікті мамандар даярлауға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Аталған жоба аясында анимация саласының кәсіби мамандарын даярлау үшін 700 мың АҚШ долларынан астам грант бөлінеді деп күтілуде.

Ынтымақтастық шеңберінде Жапония нарығына бағытталған анимациялық білім беру жүйесі жолға қойылып, жапондық жетекші мамандар тартылатын болады. Компания Өзбекстанда өз филиалын ашып, жоғары жалақылы жаңа жұмыс орындарын құрады. Сонымен қатар ұлттық өзбек аниме өнімдерін жасап, оларды халықаралық нарыққа шығару мүмкіндігі кеңеймек.
Бұл бастама Өзбекстанның ғаламдық ақпараттық технологиялар қызметі экспортындағы орнын нығайтып, креативті индустрияның дамуына және жастарды жұмыспен қамтуға серпін береді.