Жаңа Өзбекстан жастары
Өзбекстан – Орталық Азиядағы ең жас елдердің бірі. Халқының саны 40 миллионға жуықтайтын республика тұрғындарының шамамен 9,5 миллионы – 14 пен 30 жас аралығындағы жастар, яғни бұл әрбір төртінші тұрғын деген сөз.
Елімізде жыл сайын 270 000-ға жуық жаңа жас отбасы құрылады. Мұндай демографиялық құрылым – экономика үшін орасан зор әлеует. Жан-жақты ойластырылған жұмыспен қамту, білім беру және әлеуметтік қолдау саясаты жүргізілсе, жас, жігерлі әрі қарқынды өсіп келе жатқан халық дамудың басты драйверіне айналады.
Мемлекет жастармен жүйелі жұмыс істеуді стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде таңдады. Соңғы жылдары Өзбекстанда мамандандырылған Жастар істері агенттігі мен жастар көшбасшысы лауазымынан бастап, елдің әрбір жас азаматының қажеттіліктерін тіркейтін цифрлық платформаларға дейінгі кең тармақты институционалдық жүйе құрылды.
Жұмыспен қамту және кәсіпкерлік
Саясаттың ең практикалық өлшемдерінің бірі – жұмысқа орналастыру. 2026 жылдың сәуірінде Президент ""Жаңа Өзбекстан жастары – 2030" стратегиясын жүзеге асыру және жастарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар туралы" қаулыға қол қойды. Бұл құжатта ондаған қолдау құралы нақтыланған.
Олардың қатарында Жастар істері агенттігінің "Жаңа буын кәсіпкерлері" бағдарламасы бар. 2030 жылға дейін 20 000 жасты бизнес-жоба әзірлеу мен сатудан бастап, жаңа нарықтарға шығуға дейінгі кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып отыр. Бағдарламаның үздік мың түлегі ресми сертификат алады, бұл өз кезегінде жеңілдетілген қаржыландыруға және мемлекеттік қолдаудың басқа да түрлеріне қол жеткізуге жол ашады.

Студенттік стартаптарды қолдау жүйесі де жеке құрылған. 2026 жылдан бастап жоғары оқу орындарында стартаптарды дамыту орталықтары пайда болады, университеттер өз студенттерінің жобаларына инвестиция салу құқығына ие болды, ал республикалық инновациялық идеялар байқауының жеңімпаздары 100 миллион сумға дейін грант ала алады. Жеке гранттық қаржыландыруы бар "Цифрлық стартаптар" бағдарламасы жұмыс істейді, ал сәуір айынан бастап мұндай жобалардың қатысушылары экспорттың ең төменгі көлемі бойынша талап қойылмастан "IT Park Uzbekistan" резиденті мәртебесін алады. Бұрын бұл ісін жаңа бастағандар үшін елеулі кедергі болатын.
Технологиялық кәсіпкерлікке арналған инфрақұрылымның өзі де дамып келеді. Қазірдің өзінде Ташкент, Ферғана, Қаршы, Термез, Үргеніш және Нүкіс қалаларында IT-парктер жұмыс істеп тұр, Наманганда жаңа кешеннің құрылысы жүргізілуде. Дәл осы жаңа IT-парктердің есебінен жастар үшін 20 000-нан астам жоғары жалақылы жұмыс орнын ашу жоспарланған. Яғни, бұл тек бір реттік гранттық қолдау ғана емес, жоғары технологиялық сектордағы еңбек нарығын жүйелі түрде кеңейту.
Білім мен цифрлық дағдылар – адамға салынған инвестиция
Жаңа шаралардың едәуір бөлігі тек классикалық білімге ғана емес, сонымен бірге цифрлық білім беруге де бағытталған. "Менің алғашқы компьютерім" бағдарламасы аясында мұқтаж отбасылардан шыққан 10 000 жасқа ноутбук сатып алуға көмек көрсетіледі.
Мұхаммед әл-Хорезми атындағы мемлекеттік стипендия, сондай-ақ "Инженер қыздар" арнайы стипендиясы тағайындалды. Бұл – дәстүрлі түрде гендерлік теңгерімсіздік байқалатын техникалық мамандықтардағы дарынды қыздарды қолдауға арналған атаулы шара. Оған қоса бұрын тек халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарына берілетін 1 миллиард сум көлеміндегі ақшалай ынталандыру да қарастырылған.

Кәсіпкерлікке оқыту бағдарламалары мен стартаптарға арналған гранттардан бастап, шәкіртақылар мен білім беруді цифрлық қолдауға дейінгі іске қосылған бастамалардың сан алуандығы жастар саясатының біртұтас жүйе ретінде құрылып жатқанын көрсетеді. Мемлекет бір мезгілде өзара байланысты бірнеше міндетті қатар атқарып келеді.
Тұрғындарының әрбір төртіншісі 14 пен 30 жас аралығындағы және жыл сайын 270 000-ға жуық жаңа отбасы құрылатын ел үшін мұндай жүйелі тәсілдің стратегиялық маңызы зор. Оның нәтижесі мемлекеттің демографиялық әлеуетті жастардың өзін-өзі дамытуына, яғни тұрақты жұмыспен қамтылуына, сапалы білім алуына және ертеңгі күнге деген сенімділігіне қаншалықты тиімді айналдыра алатынына тікелей байланысты.
Ораш Ақабоев, ӨзА