Индонезия парламентінің делегациясы Өзбекстанның мәдени мұрасымен танысты
Өзбекстан мен Индонезия арасындағы байланыстар бүгінде саяси-экономикалық әріптестікпен қатар, ортақ рухани мұра мен мәдени құндылықтар негізінде де қарқынды дамып келеді.
Осы үрдістің жалғасы ретінде Индонезия Республикасы Халық консультативтік кеңесінің төрағасы Ахмед Музани бастаған делегация Өзбекстанға сапар жасап, еліміздің бірқатар рухани-ағартушылық және діни мекемелерімен танысты.
Атап айтқанда, қонақтар Ислам өркениеті орталығын аралап, Өзбекстанда ғасырлар бойы қалыптасқан бай ғылыми-ағартушылық мұрамен, сондай-ақ ұлы ғұламалардың әлемдік ғылым және өркениеттің дамуына қосқан баға жетпес үлесімен танысты.
Делегация мүшелері Орталықта енгізілген заманауи музей технологияларын, сирек қолжазбалар мен экспозицияларды жоғары бағалап, оның жас ұрпақты ұлттық әрі жалпыадамзаттық құндылықтар рухында тәрбиелеудегі маңызды рөлін ерекше атап өтті.

Одан кейін парламент делегациясының мүшелері Өзбекстан мұсылмандары басқармасы мен Дін істері жөніндегі комитетте Өзбекстан мұсылмандары басқармасының төрағасы, мүфти шейх Нуриддин Холиқназар хазіретпен кездесті. Кездесу барысында елде діни-ағартушылық салада жүзеге асырылып жатқан реформалар, конфессияаралық татулық пен діни төзімділікті нығайту, діни білім беру мен ғылыми зерттеулерді дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде пікір алмасты.
Сондай-ақ Өзбекстан мен Индонезия халықтарын байланыстыратын ортақ рухани құндылықтар, ұлы ғұламалардың мұрасы, діни-ағартушылық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, ғылым, діни білім беру және зиярат туризмі салаларындағы байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.

Кездесу соңында тараптар ортақ рухани мұраны сақтау, оны кеңінен насихаттау және келер ұрпаққа жеткізу жолындағы өзара ынтымақтастықты дәйекті түрде жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.