Хакерлер 17 миллионнан астам азаматтың деректерін ұрлаған
Шетелдік БАҚ мәліметінше, америкалық киберқауіпсіздік компаниясы Malwarebytes хакерлер әлеуметтік желілердегі миллиондаған аккаунттан ақпарат ұрлағанын хабарлады.
Компанияның әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, киберқылмыскерлер 17,5 миллион Instagram аккаунтынан құпия деректерді, соның ішінде пайдаланушы аты, жеке тұлғалардың мекенжайы, телефон нөмірі, электрондық пошта адресі және өзге де ақпараттарды қолды еткен.
Notebookcheck порталының хабарлауынша, бұл деректер фишингтік шабуылдар жасау және аккаунттарды бұзу мақсатында пайдаланылуы мүмкін. Айтуларынша, деректердің сыртқа шығуына себеп болған осалдықтың пайда болуы 2024 жылға барып тіреледі.
Аталған әлеуметтік желінің иесі саналатын Meta компаниясы бұл оқиғаға қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.