Франция Израильге қорғаныс көрмесіне қатысуға тыйым салды
Франция Израильге маусым айында Парижде өтетін Eurosatory қорғаныс көрмесіне қатысуға тыйым салды.
The Times of Israel мәліметінше, Франция билігі Израильдің қорғаныс компанияларына тек әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін көрсетуге ғана рұқсат берген. Ал шабуылдаушы қару-жарақ жүйелерін таныстыруға тыйым салған.
Израиль Қорғаныс министрлігі бұл шешімді «саяси және коммерциялық есептерге негізделген масқара қадам» деп бағалап отыр. Сондай-ақ ведомство Францияны басқа елдерге қолданылмайтын шектеулерді Израильге қатысты енгізіп отыр деп айыптады. Израиль тарапы мұны «халықаралық қорғаныс көрмелерін реттейтін нормаларды тікелей бұзу» деп атаған.
Бұл шешім екі ел арасындағы шиеленіс күшейген кезеңде қабылданып отыр. Бұған дейін Франция Израиль мен АҚШ-тың Иранға қарсы операцияларында олардың әскери авиациясына өз әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салған еді. Бұған жауап ретінде Израиль Франциядан қорғаныс саласындағы барлық сатып алуды тоқтатқанын мәлімдеді.
Франция билігі бастапқыда Израиль қорғаныс компанияларының 2024 жылғы Eurosatory көрмесіне қатысуына толық тыйым салған, алайда кейін бұл шешімнің күшін жойған болатын.