Еуропадағы орман өрттері 19 миллиард еуродан астам шығын келтірді
2026 жылдың басынан бері Еуропада болған жойқын орман өрттері салдарынан келтірілген экономикалық шығын 19 миллиард еуродан асып кетті.
Америкалық «AccuWeather» метеорологиялық компаниясының талдауына сәйкес, апат осы уақытқа дейін 530 мың гектардан астам аумақты күлге айналдырған. Өрттен ең көп зардап шеккен елдер – Испания мен Франция. Алдын ала есеп бойынша, жалпы қаржылық шығын 15,6–19,1 миллиард еуроны құрайды. Бұл сома инфрақұрылымға келтірілген залалды, апат салдарын жою шығындарын, бизнестегі шығындарды және халық денсаулығына тигізген зиянды қамтиды.
Мамандар аномальды ыстық пен ұзаққа созылған құрғақшылыққа байланысты жаңа орман өрттерінің шығу қаупі кемінде күзге дейін жоғары деңгейде сақталатынын ескертті. Метеорологтардың болжамынша, ең қауіпті жағдай Батыс және Орталық Еуропада қалыптасуы мүмкін. Францияның бірқатар өңірі, Испанияның солтүстігі мен Британ аралдарының оңтүстік бөлігі ең жоғары қауіп аймағына жатқызылды. Сонымен қатар Скандинавияның оңтүстігі, Италия, Балқан түбегі және Шығыс Еуропа елдерінде де ірі өрттердің шығу қаупі сақталып отыр.