Бейжіңде VII Дүниежүзілік медиа саммиті жұмысын жалғастыруда
Қытай Халық Республикасының астанасында «Синьхуа» мемлекеттік ақпарат агенттігі мен Бейжің қалалық халық үкіметі бірлесіп ұйымдастырған VII Дүниежүзілік медиа саммитінің жұмысы жалғасып жатыр.
Беделді жиынға әлемнің 112 елі мен аймағынан 330-ға жуық бұқаралық ақпарат құралдары, талдау орталықтары, мемлекеттік мекеме және ақпарат агенттіктерінің 500-ге жуық өкілі қатысуда.

«Интеллектуал дәуірдегі медиа: ортақ ұстанымнан нақты іс-қимылға» атты тақырыпта өтіп жатқан іс-шарада заманауи журналистиканың келешегі, жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын тиімді пайдалану және жаһандық қауіпсіздік жағдайында ақпараттың сенімділігін қамтамасыз ету секілді өзекті мәселелер талқыланып жатыр.
Конференцияның күн тәртібінен ақпарат жинау, контент әзірлеу және тарату үдерістерінде жасанды интеллектті қолдану, технологиялық компаниялармен бірлесіп көптілді дерекқорлар құру, сондай-ақ «Global South» елдері мен шағын медиа ұйымдарға тиімді ЖИ қызметтерін ұсыну мәселелері де орын алған. Сонымен қатар контент қауіпсіздігі, алгоритмдердің ашықтығы және журналистикадағы шынайылықты сақтау форум талқылауларының маңызды бағыттарына айналды.

Конференцияның «Бейжің тәсілі: Қытай жаңғыруын түсіну» бағыты аясында қатысушылар Бейжің қаласының жаңа қосалқы орталығының дамуымен, тарихи мұраны сақтау және қала инфрақұрылымын басқару тәжірибесімен жақын танысты.
Саммитке қатысып жатқан Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігі – ӨзА бас директоры Абдусаид Кучимов жаһандық қауіпсіздікке төнген қатерлер күшейіп отырған қазіргі жағдайда медиа диалог пен ынтымақтастықтың маңызы бұрынғыдан да арта түскенін атап өтті.

Оның айтуынша, Дүниежүзілік медиа саммиті түрлі елдердің бұқаралық ақпарат құралдарының диалог пен ынтымақтастыққа деген ортақ ұмтылысының айқын көрінісі. Өйткені бұл қағидаттар заманауи журналистиканың ең маңызды құндылықтарына жатады.
А. Кучимов бүгінгі таңда адамзат күрделі әрі жауапты кезеңді бастан өткеріп жатқанына назар аударды. Геосаяси қайшылықтар, өңірлік қақтығыстар, климаттың өзгеруі, экономикалық тұрақсыздық, киберқауіпсіздікке төнген қатерлер мен ақпарат кеңістігіндегі бәсекелестіктің күшеюі жаһандық қауіпсіздік ұғымына жаңа мазмұн беруде.

– Мұндай жағдайда ақпарат оқиғаларды жариялау құралы ғана емес, қоғамдағы сенімді нығайтудың, халықтар арасындағы өзара түсіністікті қамтамасыз етудің, бейбітшілікті сақтап, тұрақты дамуға қол жеткізудің маңызды факторына айналып отыр, – деді ӨзА басшысы.
Сондай-ақ ол Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігі елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар туралы халықаралық жұртшылықты хабардар етумен қатар, шетелдік ақпарат агенттіктерімен кәсіби ынтымақтастықты дамытуға да ерекше мән беретінін айтты.

Іс-шара ұйымдастырушыларының мәліметінше, форум соңында «VII Дүниежүзілік медиа саммитінің Бейжің консенсусы» және «ЖИ+Медиа: Жаһандық даму есебі – 2026» кітабының тұсаукесерін өткізу жоспарланған. Сонымен қатар «Синьхуа» сөздігінің ЖИ агентін халықаралық деңгейде таныстыру, Қытайдың жоғары сапалы даму жетістіктеріне арналған көрмелер ұйымдастыру және жасанды интеллектіні қолданудың жаһандық стандарттарын әзірлеу жөніндегі бастаманы ілгерілету көзделген.
9 қарашаға дейін жалғасатын халықаралық жиын жасанды интеллект дәуірінде медианың жауапкершілігін арттырумен қатар, әлемдік ақпарат кеңістігінде өзара сенімді нығайтуға және бейбітшілікке қызмет етуге бағытталған маңызды қадам болмақ.
Ш.Исаев, ӨзА