БҰҰ Бас Ассамблеясы АҚШ-ты Кубаға қарсы санкцияларды жоюға шақырды
БҰҰ Бас Ассамблеясы АҚШ-ты Кубаға қарсы санкцияларды жоюға шақыратын дәстүрлі қарар қабылдады.
«РИА Новости» агенттігінің мәліметінше, АҚШ-тың Кубаға қарсы енгізген экономикалық, сауда және қаржылық эмбаргосын тоқтату қажеттігін көздейтін қарарды 130 мемлекет қолдады. 17 мемлекет қарсы дауыс берсе, 25 мемлекет қалыс қалды.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 1992 жылдан бері осынау арал-мемлекетке қарсы біржақты шектеулерді жоюды талап ететін құжаттарды қабылдап келеді. Мұндай бастамаларды ұйымға мүше мемлекеттердің басым бөлігі әр жолы қолдайды. Соған қарамастан, Кубаға қарсы санкциялар әлі күшінде қалып отыр.
Айта кетейік, Бас Ассамблея қарарлары заңдық тұрғыдан міндетті емес, яғни ұсынымдық сипатқа ие.
Қаңтар айында АҚШ президенті Дональд Трамп Кубаға мұнай жеткізетін елдерден импортталатын тауарларға тариф енгізуге мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ Кубаның АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екенін алға тартып, төтенше жағдай жариялады. Бұл шара аралдағы отын тапшылығын күрт ушықтырып, электр энергиясын өндіру, көлік, азық-түлік өнеркәсібі, денсаулық сақтау және білім беру сияқты өмірлік маңызы бар салаларға елеулі кері әсерін тигізді.