Азия ойындарындағы жүлдегерлерге берілетін ақшалай сыйақы мөлшері өсті
Өзбекстандық спортшылардың Азия ойындарындағы жеңісі үшін берілетін сыйақы мөлшері арттырылды.
Өзбекстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 7 сәуірдегі «Әкімшілік реформалар аясында жастар саясаты және спорт саласындағы мемлекеттік басқаруды тиімді ұйымдастыру шаралары туралы» қаулысына енгізілген өзгерістерге сәйкес, осы жылғы Азия және Пара Азия ойындарынан бастап аталған кешенді жарыстың алтын медаль иегерлеріне 25 мың, күміс жүлдегерлерге 12 мың, ал үшінші орын алған спортшыларға 6 мың 250 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы беріледі.
Айта кетейік, қаулыға өзгеріс енгізілгенге дейін алтын медаль үшін берілетін сыйақы мөлшері 10 мың АҚШ долларын құраған.
Азия және Пара Азия ойындарында жеңімпаз атанған және жүлде алған спортшыларды дайындаған жаттықтырушыларға берілетін ақшалай сыйақы мөлшері де арттырылды.
Атап айтқанда, чемпион спортшыны дайындаған жаттықтырушыға 10 мың, күміс медаль иегерін дайындаған бапкерге 5 мың, ал қола медаль иегерін дайындаған жаттықтырушыға 2 мың 500 АҚШ доллары көлемінде біржолғы ақшалай сыйақы беру қарастырылған.