Әндіжанда «ақылды» су есептегіштер өндіріледі
Президент Шавкат Мирзиёев «Хужаабад» ауданындағы технопаркке барып, «ақылды» су есептегіштерін өндіру үдерісімен танысты.
Әндіжан аумағы шағын, халқы ең тығыз орналасқан облыстардың бірі. Сондықтан өңірде әрбір қарыс жерді тиімді пайдалану, адырлы аумақтарды игеру және жаңа өнеркәсіптік алаңдар құруға ерекше көңіл бөлінуде.

«Хужаабад» ауданында 300 миллион доллар көлеміндегі шетелдік инвестиция есебінен құрылған «Әндіжан технопаркі» осындай ірі жобалардың бірі саналады. Адырлы аумақтарды игеру есебінен бөлінген 100 гектар жерде 51 өнеркәсіп кәсіпорнын орналастыру жоспарланған.

Индустриялық аймақ толық іске қосылғанда 3 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Мұнда жылына 50-ден астам түрлі өнім өндіріліп, оның жалпы құны 200 миллион долларды құрайды. Бюджетке 160 миллиард сум түсім түсіп, облыстың экспорттық әлеуеті 50 миллион долларға артады.

Индустриялық аймақта Қытайдың «Sanchuan» компаниясы «ақылды» су есептегіштер өндіретін кәсіпорын құрды. Құны 25 миллион доллар болатын жоба толығымен шетелдік инвестициялар есебінен жүзеге асырылуда. Кәсіпорындағы өндірістік үдерістердің 80 пайызы роботтандырылған.

«Huawei» компаниясымен бірлесіп өндірілетін бесінші буын технологиясына негізделген «ақылды» есептегіштер су шығыны мен сапасын, құрылғылардың техникалық жағдайын және су балансын онлайн бақылауға мүмкіндік береді.

Кәсіпорында жылына 15 түрлі үлгідегі 1 миллион дана «ақылды» су есептегіші өндіріледі. Олар судың қатып қалуының алдын алатын арнайы құрылыммен және аязға төзімді қаптамамен шығарылады.

Сонымен қатар мұнда дуалды білім беру бағдарламасы да жолға қойылған.
Өндірісті жергіліктендіру деңгейін 2030 жылға дейін 70 пайызға жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта индустриялық аймақта жинақтаушы және қосалқы бөлшектер өндіретін кәсіпорындар орналастырылады.