23 желтоқсан Өзбекстандағы Қазақстан Республикасының Елшілігінде 2021 жыл 10 қаңтарда өтуі белгіленген ҚР-ның Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы жөнінде брифинг өтті.
Баспасөз мәсілихатында Өзбекстандағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Д.А. Сатыбалды Қазақ елінің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жыл 21 қазандағы №439 Жарлығына сәйкес 2021 жыл 10 қаңтарда партиялық тізімдер бойынша сайланатын ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы туралы өзбекстандық БАҚ өкілдеріне ақпарт берді.

Онда, ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес кандидаттарды ұсыну 2020 жылғы 10-30 қараша аралығында жүзеге асырылып, сайлау Конституциялық мерзімде өтіп жатқаны жайлы айтылды.
Кезекті сайлауға Орталық сайлау комиссиясы тарапынан бекітілген бес партиядан 312 кандидат (90 әйел және 222 ер адам) тіркелген.
- «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 19 үміткер;
- «Nur Otan» партиясы - 126 үміткер;
- «ADAL» саяси партиясы-16 үміткер;
- Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы - 38 үміткер;
- «Қазақстан Халық партиясы» - 113 үміткер.
Сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі осы жылдың 10 желтоқсанында басталып, 2021 жылдың 9 қаңтарында аяқталуы белгіленген. Осыған орай шетелдегі Қазақстан азаматтарының сайлауға дауыс беру үшін әлемнің 53 елінде 66 сайлау учаскесін ашу жоспарланған.
Өзбекстан аумағында болып тұрған Қазақстан азаматтары (18 жасқа толған) 2021 жылдың 10 қаңтарында №267 сайлау учаскесі жұмыс істейтін Өзбекстандағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің бас ғимаратында Ташкент уақыты бойынша сағат 07:00-ден 20.00-ге дейін дауыс бере алады.