ӨзА Қазақ

24.10.2019 Басып шығару нұсқасы

Қазақстан Президенті әлем теннисінің жұлдыздары Надаль және Джоковичпен кездесті

Қазақстан Президенті әлем теннисінің жұлдыздары Надаль және Джоковичпен кездесті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлем теннисінің жұлдыздары Рафаэль Надаль және Новак Джоковичпен кездесті. Бұл туралы «ҚазАқпарат» сайты Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Хабарда айтылуынша, Қазақстан Президенті атақты теннисшілерді «Ақорда» резиденциясында қабылдап, Рафаэль Надаль мен Новак Джоковичке Қазақстанға келгендері және қайырымдылық матчына қатысатындары үшін ризашылығын білдірген.

«Бұл – қазіргі заманның даңқты теннисшілерінің ойынын Қазақстанда көруге керемет мүмкіндік. Аталған матчтың қайырымдылық мақсатта өтіп отырғаны аса маңызды. Сіздердің астанамызға келгендеріңіз Қазақстанда дамып келе жатқан тенниске үлкен қолдау екені даусыз. Бүгінгі балаларға көрсететін шеберлік сабақтарыңыз оларға жақсы үлгі болады және шабыттандырады деп сенемін»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстандағы теннистің дамуына жоғары баға берген Р.Надаль мен Н.Джокович Президентке кездесуге мүмкіндік жасағаны және тенниске көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыстарын білдіріп, «Бұл – менің Қазақстанға үшінші рет келуім. Әр келген сайын әсем елорданың келбетінен рахат табамын. Дегенмен, бұл жолғы сапарым – ерекше. Өйткені ғажап «Ақорда» сарайында Өзіңізбен кездесуге мүмкіндік алдым»,– деп атап өткен Рафаэль Надаль.

«Президент мырза, Қазақстанда тенниске көрсеткен қолдауыңыз үшін алғысымды білдіргім келеді. Біз елдеріңізде теннистің насихатталуына және дамуына өз үлесімізді қосатынымызға қуаныштымыз»,– деген Новак Джокович.

Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларға табыс тілеп, Рафаэль Надальді шаңырақ көтеруімен құттықтаған.


7 686
ӨзА