Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық, қауіпсіздік және дәйекті дамудың құнды факторы
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігі — ӨзА-ға Өзбекстан мен Қазақстан арасында қол жеткізілген нәтижелер, ынтымақтастықты дамытудың бүгінгі жағдайы мен болашағы туралы сұхбат берді.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігі — ӨзА-ға Өзбекстан мен Қазақстан арасында қол жеткізілген нәтижелер, ынтымақтастықты дамытудың бүгінгі жағдайы мен болашағы туралы сұхбат берді.
— Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияевтың іс-әрекеттерімен елдеріміздің қа¬рым-қатынасы жаңа басқыш¬қа көтерілді. Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстанның алдында қандай ортақ мақсат пен міндеттер тұр?
— Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен Қазақстан мен Өзбекстан қиын-қыстау сәттерде бірін-бірі қолдап-қуаттап, бір-біріне қол беріп, табыстарына шын пейілмен қуанып қатар келеді. Біз ортақ мақсат — екі елдің өркендеуі жолында мықты да үйлесімді қарым-қатынас орнаттық.
Мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонович Мирзияевтың еңбегі ерен.
Елбасы жақын көршілермен қарым-қатынасты дамытуға әрқашан ерекше мән береді. Сондықтан сіздің ел Қазақстанның сыртқы саясатындағы беделді бағыттар категориясына кіреді. Біз халықтарымызды жақындастыру бағытын жалғастырамыз.
Қазіргі күндегі басты міндетіміз — сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту және шекараалды ынтымақтастықты тереңдету. Бұл салада елдеріміздің мүмкіндігі өте үлкен. Үкіметтеріміз 2020 жылда өзара сауданың көлемін 5 миллиард долларға жеткізуді мақсат еткен.
Инвестиция, өнеркәсіп кооперациясы, бірлескен өндірістерді дамытудың кеңеюі екі ел мүддесі үшін өзара экономикалық ынтымақтастығымызды тереңдетуге ұмтылысымызға жауап береді.
Транзит-транспорт саласында да серіктестіктің болашағы аса зор. Теңізге шығу жолы жоқ Қазақстан мен Өзбекстан үшін транзит инфрақұрылымын жетілдіру және басқа елдермен транспорт кооперациясын дамыту бірінші кезектегі міндет.
Нұр-Сұлтан мен Ташкенттің арасында қауіпсіздік саласындағы байланыстардың дәйекті нығаюы өзара сенімнің көрсеткіші саналады. Бәріміз үшін ортақ аймақтық проблемалар бар: терроризм, діни экстремизм, заңсыз қару-жарақ саудасы, ұйымдасқан қылмыс, жасырын миграция және есірткі. Біздің аймақтағы қауіпсіздікке қатер төндіретін Ауғанстандағы жағдай да алаңдатушылық туғызуда.
Бұлардың барлығы бізден жүйелі, келісілген, сенімді шараларды қарастыруды талап етеді. Сондықтан Қазақстан мен Өзбекстан екі елдің құқық қорғау және арнаулы қызметтері арасында байланысты жолға қоюда.
Су проблемасы мәселесін шешудің де маңызы зор. Су қатынастары бағытында біз жұмысшы топтың мәжілісін, соның ішіндегі аймақтағы серіктестермен де тұрақты өткізіп тұрамыз.
Дәстүрлі түрде мәдени-гуманитарлық қатынастарды одан әрі нығайтуға да ерекше назар аударамыз.
Қазақстан мен Өзбекстан арасында конструктивті диалог жолымен шешілмейтін мәселенің өзі жоқ.
Елдеріміз арасындағы қарым-қатынас екіжақты қатынас бүкіл Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық, қауіпсіздік және жедел дамудың табысты да тиімді моделі саналады.
Менің ойымша, Нұр-Сұлтан мен Ташкенттің алдында тұрған мақсат және міндеттердің үндес¬тігі біздің кең көлемді ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға күшті түрткі береді.
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Шавкат Мирзияевты достық жылы қарым-қатынас байланыстырып тұрғаны белгілі. Сіздің Өзбекстан басшысымен қарым-қатынасыңыз қалай болады?
— Шавкат Миромонович мені Қазақстан Президенті міндетіне кіріскеніммен құттықтаған мемлекет басшыларының арасында біріншісі болды. Оның жылы тілектеріне шын жүректен ризамын. Елбасымыздың атына айтылған ізгі тілектерді де Өзбекстан басшысының біздің елімізге көрсеткен құрметінің белгісі.
Президент Шавкат Мирзияев Өзбекстанда кең көлемді өзгерістерді жүзеге асыру және елімізді халықаралық аренада заманалық бәсекеге төзімді мемлекетке айналдыру тарихи миссиясын өз міндетіне алды. Оның мемлекеттік басқару жүйесін дәйекті дамыту, экономика және қаржы саласын ырықтандыру, қоғамның барлық саласын жаңғырту жолындағы берік ұстанымы үлкен қызығушылықпен шексіз құрметке лайықты.
Шавкат Миромоновичтің бар күш-қайратын, білімі мен тәжірибесін осындай ұлық мақсаттарға қол жеткізуге жұмсайтынына кездесулеріміз кезінде көз жеткізгем.
2017 жылы Қазақстан Парламенті Сенаты делегациясының басшысы ретінде Ташкентке сапарым кезінде онымен жан-жақты сұхбаттасқам. Өзбекстан басшысының мемлекет дамуының барша басты бағытына стратегиялық тұрғыдан жанасуы, аймақ және әлемдегі жағдайларды терең түсінуі маған өте ұнады. Елдеріміздің дамуы мәселесінде біздің көзқарасымыздың бірдей болуы өте маңызды.
Біздің арамызда тұрақты және сенімді байланыс бауырлас Қазақстан және Өзбекстан қарым-қатынасын одан әрі тереңдетуге ықпал етеді деп сенемін.
— Қазақстандағы Өзбекстан жылының қорытындысы бойынша не айтуға болады?
— Мұндай атаулы шараларды өткізу жайлы шешім екіжақты қарым-қатынас шежіресінің жар¬қын беті болды. Қазақстанда Өзбекстан жылы өте жоғары деңгейде өтті. Біздің елімізде адамдар, ғылым-білім, мәдениет мекемелері, кәсіпкерлік құрылымдар арасындағы байланыстардың одан әрі кеңейіп нығаюына ықпал жасаған 200-ден астам шара ұйымдастырылды.
Қазақстан — Өзбекстан алғаш¬қы аймақтық ынтымақтас¬тық форумы сәтті өтті. Оның қорытындысы бойынша екі елдің аймақаралық байланыстарының әрі қарай дамуына қаратылған маңызды құжаттарға қол қойылды.
Ынтымақтастықтың бұл форматы шекараалды облыстардың өзара қатынасының өсуінде құнды фактор болатынына, бизнестің мемлекеттеріміз базарларына шығуына, екіжақты сауда-саттықтың жанданатынына сенімдімін. Өткен жылы елдеріміз арасындағы тауар айналымы шамамен 50 пайызға артты, сөйтіп 3 миллиард долларды құрады.
Екі мемлекеттің өзара жақындасуын халықтарымыз үлкен ризашылықпен қабылдап жатқанын атап өткім келеді. Сондықтан менің бауырлас елге алғаш¬қы мемлекеттік сапарымның Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылуына тұспа-тұс келгенінде рәміздік мағына бар.
— Сіз Өзбекстандағы Қазақстан жылынан не күтесіз?
— Бірінші кезекте біз өзбекстандықтар Қазақстан жылы шараларына кең қызығушылық танытады деп үміт артамыз. Осындай ауқымды шаралардан Өзбекстанның әрбір азаматы өзіне бірдеңе алады және жүрегінде Қазақстанның бір бөлшегін сезінуі біз үшін өте маңызды. Сондықтан біз Қазақстан жылының бағдарламасын барынша сан алуан және мазмұнды етуге әрекет жасадық.
Кәсіпкерлер мен саясаткерлерді бизнес-форумдар қызықтырса, ал студенттер үшін білім беруге қатысты көрмелердің өткізілуі көзделген. Бұдан тыс көптеген мәдени, спорт және туристік шаралардың өткізілуі жоспарланған.
Қазақстан жылының географиялық қамту мәселесіне де ерекше назар аударылған. Шаралар Өзбекстанның барлық аймағында өтеді. Сонымен біз аймақаралық кооперацияны кеңейтеміз, тұрғындар арасындағы байланыстың нығаятынына сенеміз.
Сауда-саттық, шекараалды ынтымақтастық, туризм, транспорт және мәдениет саласындағы бастамалар мен жобалар бойынша жүзеге асырылып жат¬қан істер жүйелі жалғастырылады.
Біз өзіміздің бақылау-өткізу пункттерімізді жаңғырту істерін соңына жеткізу ниетіндеміз, ол мемлекеттік шекаралардан өту уақытын едәуір қысқартуға септігін тигізеді. Біздің мақсатымыз — заманалық шекара және кеден инфрақұрылымын қалыптас¬тыру. Бұл қарапайым халыққа, бизнеске қажет, сондай-ақ ол елдеріміздің туризм әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
Бір сөзбен айтқанда, біз Өзбекстанмен экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық ынтымақтастықтың барлық бағытындағы жұмысымызды жалғастыруға дайынбыз.
Мұның барлығы өзара түсініс¬тік және ынтымақтастық жолында жаңа көпірлер құруға мүмкіндік береді. Өзбек мақалында айтылғандай, “Алыстағы аға¬йыннан жаныңдағы көрші артық”. Өзбекстандағы Қазақстан жылы көпғасырлық достық арқауы мен халықтарымыздың арасындағы тату көршілікті нығайтуға қызмет етеді деп кәміл сенемін.
— Саясаткерлер 1990 жылдардан бастап Орталық Азия жайлы көп жазуда. Бжезинский, тағы басқалардың еңбегін айтсақ жеткілікті. Бірде бір сын болжам жүзеге аспады. Сіз Орта Азияның әлемдік саясаттағы орнын қалай бағалайсыз?
— Ақиқатында, Тәуелсіздік алғалы бері көптеген сарапшылар мен бақылаушылар Орталық Азияның дамуында негативті сценарийлерді болжаған еді. Күн бұрын бізге ыдырауды, бей-берекет террорлық қауіптің өсуін, әлдебір “халифатқа” айналуды, ішкі келіспеушілікті, экономикалық және әлеуметтік құлдырауды болжаған.
Бірақ Орталық Азияны “бал¬қандастыру” болжамы жүзеге аспады. Егеменді даму жылында нық адым, Орталық Азиядағы мемлекеттердің әрқайсысының шешімі аймақтағы тұрақтылықты сақтап қалды, бұл ұзақ мерзімді басқышты дамудың берік іргетасын қалады.
Бүгінде Орталық Азия өз дамуында жаңа кезеңді басынан өткізуде. Мемлекетаралық ынтымақтастық тенденцияларын нығайту, барша өзекті мәселелерде өзара мүдделі шешімдерді табу белгіленген. Ол үшін ең бастысы — біздің аймақтағы барша көшбасшылардың ерік-жігері, тату көршілік және өзара мүдделілік қағидатына негізделген ынтымақтастықты дамытуға дайындығы бар.
2018 жылдың март айында Қазақстанның елордасында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Кеңесу кездесуі өтті. Бұл аймақтық ынтымақтастықтағы жаңа кезең болды десем артық айтқандық емес. Кездесу барысында бесжақты ынтымақтастықтың негізгі үстем бағыттары мен болашақтағы жоспарлар белгіленді. Орталық Азия елдері арасында саяси диалог едәуір дәрежеде артты, аймаққа қатысты ішкі және халықаралық көпшілік мәселелерге байланысты көзқарастардың жақындығы мен бір-біріне сәйкес келуі өз дәлелін тапты.
Ынтымақтастықтың жаңа қарқыны өз нәтижесін беруде. Орталық Азиядағы тауар айырбастау көлемі едәуір артты. Авиа, автомобиль және теміржол бағыттары ашылуда, өткізу пункттері жаңғыртылуда, инфрақұрылым жобалары жүзеге асырылуда. Ішкі аймақтық экономикалық байланыстар нығайтылып, шекараларға байланысты мәселелер келісілуде, су ре¬сурс¬тары мен экологияны пайдалану мәселелері біргелікте шешілуде.
Аймақтандыру және кооперация тенденциялары заманалық әлемді дамытудың бөлінбес бөлігі саналады, тіпті ірі және әл-ауқатты елдер де өз серіктестерімен жақын ынтымақтастық байланыстарды жолға қоюда.
Әлем тәжірибиесі шағын және орташа мемлекеттер үшін ынтымақтастықтың нәтижелі платформаларын құру, кооперациялық байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын көрсетуде, онсыз ұзақ мерзімді және тұрақты даму болмайды.
Бүгінде елдеріміздің табиғи жақындасуын “қатып қалған менталитет” деп айтуға болмайды. Орталық Азиядағы бүгінгі ұнамды үдерістер тек біз үшін пайдалы ғана емес, аймақтағы дәстүрлі серіктеріміздің мүддесіне де қызмет етеді. Қазақстан барша мүдделі мемлекеттермен ынтымақтастық жасаудың барлық формасы үшін ашық.
ӨзА