ӨзА Қазақ

21.04.2020 Басып шығару нұсқасы

Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағының төтенше отырысы өтті

Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағының төтенше отырысы өтті

Бүгін 21 сәуірде Халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болуымен Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағы (ТӘҰҒАО) президиумының онлайн форматтағы отырысы өтті.

Халықаралық Түркі академиясының хабарлауынша алғаш рет бейнеконференция түрінде өткен жиын, таяуда өткен Түркі кеңесі Мемлекет басшыларының онлайн саммитінде айтылған ғылыми ынтымақтастықты дамытудың өзектілігіне байланысты ұсыныстары мен тапсырмалары негізінде ұйымдастырылған.

Онда, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Түркия Ғылым академиясының президенті Музаффер Шекер, Қырғызстан Ғылым академиясының президенті Мурат Джуматаев, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының І вице-президенті Иса Габиббейли, Татарстан Ғылым академиясының президенті Салахов Мякзюм, Башқұртстан Ғылым академиясының президенті Гаязов Альфис және алғаш рет ұйымның мүшесі ретінде Өзбекстан Ғылым академиясының вице-президенті Бахром Абдухалимов қатысқан.

«Әлемдегі күрделі кезеңде төтенше жағдайда бас қосып отырған Одақ мүшелеріне Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі ризашылығын білідіріп, күн тәртібімен таныстырған соң, сөз басын алған Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының І вице-президенті Иса Габиббейли ғылыми жаңалықтарымен бөлісіп, бейнеконференция форматындағы жиындарды жиі өткізіп тұру керектігін айтып, Одақтың төрағалығын Қырғызстан тарапына тапсырды.

Одақтың кезеңдік төралығын қабылдаған Қырғызстан Ғылым академиясының президенті декларация жобасын қолдай отырып, түркі әлемінде COVID-19 індетінің таралуы, белгілері, емдеу әдістері және нәтижелері туралы ортақ ақпарат базасын құруды ұсынды.

Өз кезегінде Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов таяуда ғана үндеу жариялағанын жеткізіп, Қазақстанның Ұлттық биотехнологиялық орталығы (Нұр-Сұлтан) мен Вирусология және микробиология институты (Алматы) сынақтан сәтті өткен вирусқа қарсы сантизайзер – дезинфекциялық құралдарын жасап шығарғанын айтты. Сонымен қатар, ТӘҰҒАО мүшелігіне Мажарстан мен Тәжікстанды да тарту туралы ұсыныс білдірді.

Одан кейін сөз алған Түркия Ғылым академиясының президенті Музаффер Шекер пандемияға қатысты арнайы ғылыми есептің дайындалғанын және оны бөлісуге дайын екенін жеткізді.

Одаққа алғаш рет ұйымның мүшесі ретінде қатысып отырғанын Өзбекстан Ғылым академиясының вице-президенті Бахром Абдухалимов ғылыми ынтымақтастықты қолдап бірлесе жұмыс істеуге әзір екенін мәлімдеді».

Осылайша, Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағының басқа да басшылары пайымды пікірлерін ортаға салып, өз ойларымен бөліскен президум жиыны қорытындысына орай арнайы шешім қабылданған.

13 913
ӨзА