ӨзА Қазақ

24.08.2020 Басып шығару нұсқасы

КЕРЕМЕТ ӘҢГІМЕШІ

КЕРЕМЕТ ӘҢГІМЕШІ
Фархад МУСАДЖАНОВ, өзбек жазушысы

Қонақ үй бөлмесінде жападан жалғыз отыра беріп, ішім әбден пысты. Сағатқа қарасам кешкі сегіз де болмаған. Ұйықтауға әлі тым ерте. Не істесем екен, қыдырып қайтсам ба екен, бірақ басқа, бөтен қалада қайда барасың?! Тек қана астыға түсіп, тағы да сол қонақ үйдің мейрамханасына бару ғана қалды. Шынымды айтсам, мейрамхананың музыканттары соңғы бес күнде өз әндерімен жалықтырып жіберді. Бірақ басқа амал жоқ. Бөлмеде, төрт қабырғаға телміріп отыра беремін бе... Қанша дегенмен, көпшілік арасында... біраз болса да сейіліп қалармын.

Ақырындап төртінші қабаттан төмен түстім. Фойеде мені біреу атымды атап шақырғандай болды: - О-о, кімді көріп тұрмын! Қалайсың, көрші!

Бөтен қалада мені кім шақыруы мүмкін дегендей, онша сеніңкіремей бұрылып қарадым.

- Қымбаттым. Мұнда не істеп жүрсіз?

Қатты қуанғаным. Менің тура алдымда Исматилла тұр. Шынымен де керемет болды. Өз танысыңды, таныс болғанда құдай қосқан көршіңді басқа қалада кездестіру.

- О-о, амансыңба, Исматилла! Бұнда қайдан жүрсіз?

- Үш күн болды менің келгеніме, іссапарда жүрмін!

Бізде Исматилламен тек пәтерлеріміз ғана емес, гараждарымыз да қатар еді. Машинаның бір жері сынып қалса, мен оған жүгіремін. Өйткені оның қолынан келмейтіні жоқ еді. Сонымен қатар, Исматилла машинаны қарап қана қоймай, арасында небір күлкілі анекдоттарды да айтып үлгіреді. Көзіне түссең болды, бірден "Жаңа анекдот тыңдаңыз!" деп жабыса кетеді.

Анекдотты есте сақтап, оны білу аз. Менің ойымша оны айта білу керек. Исматилла - айтқыш еді. Кейде әбден жауыр болған бір анекдотты қайталап айтса да, сен алғаш естігендей күлкіден өлесің. Өйткені ол жәй ғана айтып қоймай, рөлге кіріп кетуші еді.

- Қайда жиналдыңыз? - деп сұрады Исматилла менен. Мен оған мейрамханаға бағыт алғанымды айттым.

- Е-е, сол ресторан-месторанды қайтесіз. Жүріңіз менімен. Мен қарсыласқым келіп еді ол,

- Ешқандай сылтауды білмеймін. Бізді күтіп отыр. "Шақырмаған жерге қалай барамын, ыңғайсыз емес пе" деген менің сөзіме құлақ та аспады.

- Еш ойламаңыз! Айттым ғой, бізді күтіп отыр. Қой сойып. Әне, тіпті арнайы машина да жіберді. Ол менің қолымнан тартқылағандай болып сыртқа шықсақ, шынымен де есік алдында машина тұр екен. Көлікке отырғызып, жүргізуші бізді қала маңындағы қышлаққа алып кетті.

Жарты сағаттан соң машина бір жұпыны үйдің алдына тоқтады. Қақпа алдында бізді арықша келген үй иесі күтіп тұр екен.

Қараңғылау дәліз арқылы өтіп, кең қонақ бөлмесіне өттік. Бөлме мүлдем бос, жиһаздан тек ортадағы дөңгелек шәй үстел ғана. Айналасына көрпелер төселген, жастықтар жатыр. Амандасып үлгірмедік, бөлме табалдырығында төрт ұл бала көрінді. Сонау Ташкенттен келген қонақтарға көздерін алмай әбден қарады.

- Барыңдар, ойнаңдар, - деп үй иесі оларды қанша қуса да, олар тіпті орындарынан да қозғалмады. Әкелері бізге ұяла қарап, орнынан "Сендерді ме..." деп көтерілді.

- Тиіспеңізші оларға, - деп мен араша түстім, - "Балалы үй базар" деген, отыра берсін.

- Барыңдар деймін! - деп айтқанын ұлдары құлақтарына да ілмеді. Ақыры шыдамай есік жаққа айқайлап кеп жіберді:

- Әй, кім бар, алып кетіңдерші мыналарды. Сырттан он бес-он алты жастағы қыз келіп, балақайларды алып кетті...

- Тешебай, осы сенің жүгермектеріңнің саны онға жетіп қалар, ия? Тешебай ұялғаннан қызарып кетті.

- Он бір ғой, - деді басын төмен салбыратып.

- Е-е, мықтысың! Жасың осы нешеде?

- Қырықтан астық қой...

- Көп балалы әке туралы бір анекдот бар. - Исматилла "тұздығы ащщылау" бір анекдот айтып еді, Тешебай ұялғаннан жерге кірердей болып, бетін басып күле берді. Исматилланың бетіне тура қарауға ұялшақтап, басын шайқап:

- Қалжыңбас екенсіз ғой,- деді. Исматилла тағы бір анекдоттан жіберді. Тешебай енді шыдамады - қарқылдап кеп бір күлді дейсің. Күлкіден тұншыға жаздап:

- Ау, айналайын, жарылатын болдық қой.

Тешебай қарапайым ғана, мінезі жұмсақ, қолы ашық, еш қулығы жоқ, аузын ашса жүрегі көрінетін адам екен. Маған ұнап қалды. Бізге иіліп құрмет көрсетіп жатыр, өз қолымен шәй құйып беріп отырды.

- Шәйден басқа ішетін ештеңе жоқ па бұл үйде? - деді Исматилла бір көзін қысып.

- Басым істемейді! Мүлдем ұмытып кетіппін ғой! - Тешебай сасқалақтап. - Қазір, қазір...

Үстел астынан арақтың бөтелкесін алып шығып, ашты да кеселерге толтыра құйды.

- Бауырым не істеп жатырсың? - Исматилла таңғалып. - Бұл саған шәй немесе сорпа емес қой. Толтыра құйғаның не? Тешебай қолын кеудесіне қойып, жалынышты үнмен:

- Ләпбай, алғашқысын толық алып қоялық, ал қалғанын кейін көрерміз. Бұл сөздерді шын көңілімен айтқаны соншалықты, бізге оның тілегін орындаудан басқа амал қалмады.

- Ондай болса, кеттік... - Исматилла кесені басына төңкере салды. Одан кейін, тағы да бір-екі кесе жөнелтілді. Сәлден кейін, ол тіпті қыза бастап, анекдоттардың небірі кетті дейсің. Үй иесі Тешебай екеуміздің ішегіміз қататын болды. Осы кезде есіктен ірі денелі, ұзын бойлы кісі кірді.

- Қайда жүрсің кешігіп, Ходжамқұл? - орнынан атып тұрған үй иесі. - Біз мұнда күлкіден өлетін болдық. Сен көп нәрседен құр қалдың!

- Ой, онда тұрған ештеңе жоқ. Менің қоржынымда анекдоттың түр-түрі бар! - деп Исматилла. - Сіз оданда досыңызды бізбен таныстармайсыз ба?

- Таныстыратын несі бар, бұл да мен сияқты тракторшы. Бірге жұмыс істейміз, - деп келген қонағын таныстырғандай болды.

- Керемет! Сіз сияқты, бойдақ бір тракторшы болыпты... Исматилла өз анекдотын айтып біткенде, Ходжамқұл көзі бақырайып, түк түсінбегендей қарап қалды. Қалай таңқалмасқа?! Былай қарасаң мәдениетті адам сияқты, ал айтып тұрған әңгімесі анау?! Сонда да шыдамай ақыры ол да күліп жіберді.

Ал Исматилланың анекдот пен өтірік әңгімелерден аузы тынбады. Ходжамқұлдың күлкісінен қабырғалар дірілдеп тұрды. Дастарханға ыстық тамақ келді: сорпа, артынан қуырдақ. Жас қойдың еті былбырап тұр екен.

- Қойды жақсылап семірткен екенсіз, тіліңмен қосып жұтып қоярдай, - деп Исматилла мақтауын жеткізіп жатыр.

Көктемде төрт-бес қозы сатып алып, күзге дейін бағып, байлаймыз. Қыста еш қиналмаймыз, әрдайым жас қойдың еті деп Тешебай мақтанып қойды. Міне сол қойдың соңғысы сіздерге бұйырған екен.
Исматилла да тыныш отырмай:

- Жас қойдың етінен дайындалған кәуәп қандай десеңші!
Тешебай орнынан атып тұрды:

- Қазір дайындаймыз!

- Қажеті жоқ! - мен араластым. - Оны қай жерімізге жейміз? Аузымыздан шыға тойып отырмыз!

- Жарайды, шынымен де қажеті жоқ шығар. Оған қазір көмірді қайдан табасыздар, - деп қойды Исматилла.

- О-о, көмір... Неге жоқ? - деген сөздермен Тешебай сыртқа шығып кетті.

- Қажет емес еді, - дедім мен. – Шынымен де тамақ ішетін орын қалды ма?

- Е, жарайды. Кәуәп дайын болғанша, қарнымыз ашып та үлгереді. Қайда асығамыз, "сағынып отырған" қонақ үйімізге бір жетерміз.

Кәуәпті де жедік, артынан қысқа сақталған қауыннан да дәм таттық, Исматилланың аузы да анекдот айтудан шаршамады. Керемет бір кеш болды, кеткіміз де келмеді. Сонда да "кел демек бар, кет демек жоқ" дегендей, мен қайтуды ұсындым.

Исматилланың қайтқысы жоқ. Менің қайтайық дегеніме құлақ аспай, менің өзіме тиісе кетті:

- Ал Сіз неге үндемейсіз? Аузыңызға құм құйылғандай?

Сасып қалдым. Шынымды айтсам анекдоттарды есіме сақтай алмаймын және оны айта да алмайтын ем. Амал жоқ: "Маған жол қайда, арамызда Сіздей артист тұрғанда?!", - деп құтылдым. Шынымен де, Исматилла отырыстың гүлі болды.

Бір кезде, жәй сөз арасында, ақырын ғана үй иесінен: - Тешебай, осы сізде қаракөл елтірісі жоқ па екен? - деп сұрады. Әйелім тапсырып еді. Пальтосына жағалық керек еді.

- Елтірі? - деп қайта сұраған Тешебай, шынымен де дәл қазір Исматилла үшін бәрін істеуге дайын еді. - Менде жоқ, бірақ ертең табамыз. Көрші мал шаруашылығымен айналысатын ауылда менің досым тұрады. Ертең барамын.

- Ия, Сурхандарияға келіп тұрып, сыйлыққа қаракөл терісін апармасам, әйелім мені үйден қуып шығар - деп Исматилла қалжыңдаған болды.

- Болды, болды... ертең міндетті түрде болады, - деп сендірді Тешебай.

- Қам жемеңіз, табамыз, - деп Ходжамқұл да әңгімеге араласып.

- Қоңақ үйіңізге жеткіземіз! - деді үй иесі уәде етіп.

- Тыңдаңыз, - Исматилла бәрімізге қарап, - біз сияқты іссапарда жүрген еркектің басынан өткендері...

Құдай салмасын! Исматилланың әр жағдайға анекдоты дайын.
Әрең дегенде орынымыздан тұрдық. Тешебай мен Ходжамқұл бізді шығарып салуға сыртқа шықты. Есік алдында бағана бізді алып келген машина тосып тұр екен. Исматилла сонда да асықпайды. Тешебайдың иығына қолын салып тұрып:

- Тешебай, сендей адамдар аз! Сен енді менің досымсың! Дос емес - бауырымсың. Екеуміз бауырластық, мен үшін енді сенен жақын туыс жоқ! - деді көңілі босап, - Ташкентке келе қалсаң, міндетті түрде хабарлас. Қолымнан келгенше көмектесем. Ал менің қолымнан көп нәрсе келеді. Талайына көмектестік қой кезінде.

- Рахмет, рахмет! Қонаққа кеп тұрыңыздар! Бүгін сәл асығыстау болды, - деп жатыр Тешебай шын көңілімен.

- Жо-о-қ, қойыңыз! Бұдан артық қалай күтуге болады қонақты, - деп мен қарсыластым.

- Ия, бауырым, бір нәрсе қажет болса - сен тек маған хабарлас... Ал ана затты, елтіріні, сен ертең әуежайға алып кел. - Исматилланың түрі байыпты бола қалды - Ұшақ кешкі сағат тоғызда ұшады. Әуежайда сегізде боламыз.

- Жақсы, бауырым, қам жемеңіз, - деп Тешебай уәдесін беріп жатыр. Исматилланың жүзінде қайта күлкі пайда бола кетті.

- Осы әйелдерді ме, солар үшін қаншама адамды мазалап. Сен былай ет. Бір-екі сағат ертерек кел, әуежайдың мейрамханасында отырамыз әңгімелесіп...

- Жақсы, бауырым! Есік алдындағы қоштасу ұзақ болды. Қимастықпен қоштасып, жолға шықтық. Жол бойы жүргізушінің көзінше ештеңе демей, қонақ үйге кірер кезде ғана Исматулладан сұрадым:

- Танысыңыз қандай мейірімді, сүйкімді кісі! Бірге оқыдыңыздар ма?

- Е, жоға. Бүгін бірінші рет көріп тұрмын. Осыдан алты жыл бұрын бізде бір кісі жұмыс істеген. Көпте істеген жоқ өзі, үш-төрт айдай ғана. Осында шығар алдында, сол адамды базарда кездестіріп қалдым. Сөз арасында іссапарға дайындалып жатқанымды да айттым. Сурхандарияға баратынымды естіген ол: "Онда менің інім тұрады. Кіріп шық, қиын болмаса, менен сәлем айтарсың" деді. Бір қажеті боп қалар деп мекен-жайын жазып алғам. Осында келген соң біреулерден сұрай салған едім, танитындар бар ма деп. Болды. Содан бүгін нөмірімде отырсам, Тешебай кіріп келгені. Мен оған: ағаңнан сәлем десем, ол мені қонаққа шақырды. Сенің де жолың боп кетті... - Исматилла маған, менің жақсылығымды ұмытпа дегендей көзқараспен қарап, - Жарайды, тамаша өткіздік емес пе, бүгінгі кешті, а?

- Өте тамаша, - дедім мен шын ризашылықпен, - сізге рахмет...

- Е,е, түк емес...

... Іссапар аяқталып, Ташкентке Исматилламен бірге ұшатын болдым. Әуежайға сегіз болмай келдік. Тешебай мен Ходжамқұл бізден ерте кеп алыпты.

- А...осындасыздар ма... Исматилла оларды бірінші байқап.

- Сіздің анекдоттарыңызды тағы да бір естіп қалайық, - деп Ходжамқұл қарқылдап күлді. Исматилла оларды көріп қуанып қалғандай болып еді, бірақ ақырындап көңіл-күйі өзгере бастады.

- Келесі жолы отырармыз... - деген сөзді әрең қиналып айтты. Достарына көңіл аудармай, жанжағына қарап есіней бастады, оларды жақтырмай тұрғаны байқалды.

Ұшаққа отырғызу басталғаны туралы хабар естілісімен, ол жылдам қоштаса бастады: - Аман-есен болыңыздар! Жақсылықта қалыңыздар!

Бірақ Тешебай мен Ходжамқұлдың асығатын түрлері жоқ. Бізге сәт сапар тілеп, қолымызды қимастықпен әбден қысты. Содан Тешебай қойын жағынан бір оралған затты алып Исматиллаға ұсынды:

- Мынау Сіздің зайыбыңызға деген сыйлығымыз! Исматилланың көзі жайнап шыға келді. "Енді неге үндемей тұрсыңдар, алдымен осыдан бастау керек еді ғой" деген сөзді айтқысы келіп, әрең шыдап тұрғандай көрінді маған.

- Тағы да қайталаймын, Ташкентке келесің - еш ұялма, хабарлас. Көмектесемін! Мен шешпейтін мәселе жоқ! Екеуміз енді бауырмыз ғой!

- Рахмет, рахмет! - деп Тешебай мәз болды. Ходжамқұлға белгі беріп еді, ол Тешебайға орындықта тұрған бір кішкене қорапты алып берді. Ол оны Исматиллаға ұсынды.

- Айып етпеңіз. Егер қиын болмаса, мынаны менің ағама бересіз бе? Сіз оны көріп тұратын шығарсыз, сонда да мына жерге мекен-жайын жаза салдым. Балалары дәм татсын деп, анардан салып едім.

- Еш қам жемеңіз! Әрине, жеткіземіз. Онда тұрған не қиындық бар? Мен сен үшін бәріне дайынмын, - деген Исматилланың сөздері неге екенін қайдам, маған бір шынайы емес естілді.

- Жарайды, қоштасарға жаңа анекдот айтайын.

- О-о, соны күтіп тұрмыз ғой, бағанадан бері! - Тешебай мен Ходжамқұлдың көздері ойнап, езулеріне күлкі келді. Біз ұшаққа бет алдық, ал Тешебай мен Ходжамқұл әлі күлкілерін баса алмай жатты.

Анекдот айтқыш көршім туралы әңгімені осы жерде тоқтатуға болар еді, бірақ келесі бір қызық штрих болмағанда. Түнгі сағат ондар шамасында біз мінген ұшақ Ташкентке кеп қонды. Такси алып, үйге қарай жүрдік.

- Жол-жөнекей, мына анарларды беріп кетпейміз бе? - деп сұрадым мен.

- Анарлар? Қандай анарлар? А, оны ұмытып кетіппін ғой. Ия бірден апарып беру керек. Үйге бір кірсе, оны біздің балалар көрсе, түгін қалдырмайды.

- Танысыңыз қайда тұрады екен?

- Қазір қарайын. - Исматилла қалтасынан мекен-жай жазылған қағазды шығарып. - Чиланзарда екен. - Сөйтті де сағатына қарады. - Өзіңіз білесіз бізде лифт түнгі он бірге дейін ғана жұмыс істейді. Тоғызыншы қабатқа жаяу көтерілгім келмейді. Сізге рахат, бірінші қабатта тұрасыз. Былай істейік: мені үйге жеткізіп тастаңыз да, Сіз өзіңіз ақ Чиланзарға барып қайтыңыз.

Көршім қалжыңдап тұрған шығар деп ойласам, Исматилланың беті бүлк етпейді. - Бірақ...Мен ол кісіні танымаймын да ғой.

- Мұнда бәрі жазылған, - деп ол маған қағазды ұсынды. Сұрай-сұрай Меккеге де жетесің. Ал біз Ташкенттеміз ғой. Астыңызда такси. Таксишілердің білмейтіні жоқ, жеткізеді. Солай емес пе?

Үйге де жетіп қаппыз. Пәтерімнің терезелеріндегі жарыққа сағынышпен қарадым.

- Үлгердік қой, лифт тоқтамай тұрып, - Исматилла қуанып, машинадан түсіп жатып, маған бұрылып: - Чиланзар мына жерде, тиіп тұр ғой, таксидің пұлын да төлей саларсыз.

- Әрине. Бірақ Тешебай сізге аманаттап еді ғой, - деген менің сөздерімді Исматилла естімегендей, такси жүргізушісіне қарап:

- Сізге бір жаңа анекдот айтып берейін...
Жүргізуші қарқылдап күліп, әбден мәз болды.

- Сау болыңыздар, - деп Исматилла бұрылмастан қараңғыға сүңгіп кетті.

Ауладан үлкен жолға шыққанға дейін жүргізуші күлкісін баса алмай: - Керемет! Қандай азамат. Көңілімізді бір көтеріп тастады ғой.

Ал менің күлкім келмеді. Ия, ол көңілді жігіт, анекдоттарды майын тамызып айтады, бірақ... таксишіге Исматилланың мықты жігіт емес екенін, оның барып тұрған су жұқпас сумақай екенін айта алмадым.

Өзбек тілінен аударған, Рашид БЕЙБІТҰЛЫ

8 518
ӨзА