ӨзА Қазақ

03.06.2019 14:05 Басып шығару нұсқасы

Қазыбек Иса: Жырларым Науайының тілінде сөйлейтін болды

Қазыбек Иса: Жырларым Науайының тілінде сөйлейтін болды

Жуырда Қазақстан Жазушылар одағы мүшесі ақын Қазыбек Жарылқасынұлы Иса Ташкентке келіп Өзбекстан Жазушылар одағы орынбасары Надыр Жанұзақпен кездесті.

Алдағы уақытта ақын Қазыбек Исаның көңіл күнделігінен маржандай үзіліп түскен жауһар жырлары өзбек тіліне аударылатын болды. Ол жайында ақын «Қазақ үні» газетінде жазған мақаласындағы өз сөзімен жеткізсек (қысқартылған нұсқасы):

«Өзбекстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, дарынды ақын Надиржан Жанұзақпен Астанада былтыр өткен Жазушылардың Еуразия форумында танысқан едік. Оның жыр жампоздары жиналған поэзия секциясында Түркі халықтары әдебиетінің қазіргі басты мәселелелері туралы сөйлеген сөзі ұнаған. Мен де сонда сөйлеген сөзімде Түркі xалықтары әдебиетінің байланысы тығыз болуы керектігі туралы, Түрксойдан бөлек өз алдына әдебиетшілердің ұйымын құру керек деген бастама көтерген едім. Жарты әлемнің жазушылары жиналған дүбірлі әдеби форумдағы негізгі мәселелердің бірі -аударма мәселесі болатын. Соның сәті енді түсті деуге болады.

Надиржан «Ешлик» (Жастық») журналының Бас редакторы, талантты ақын, жақсы аудармашы Фаxриддин Хайипты шақырып алды. Мені жақсылап таныстырып, «Қазыбек Иса – қазақтың мықты шайыры. Өлеңдерін өзіңнен бастап, жас ақындарға бөліп беріп аударыңдар. Алдағы уақытта кітап шығаруды да жоспарлаңдар»-деп, тапсырма берді. Сонымен қатар маған өзбек тілінде шыққан Абайдың бір томдығын және өзбек-қазақ әдеби тұлғаларының шығармашылық байланысы туралы кітапты сыйлады.

Ташкент қаласында қазақтың ұлы ақыны Абайдың атына әдемі көше берілген. Бойында еңселі ғимараттар, жоғары оқу орындары, түрлі мекемелер бар. Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі де осы көшеде орналасыпты. Елшілік ерекше әдемі сәулетті, үлкен ғимарат екен. Қарсы алдынан ұлы Абайымыздың асқақ тұлғасы қарсы алады. Суретке түстік.

2019052914253441.jpg

Сөйтіп, Өзбекстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Надиржан Жанұзақтың арқасында жырларымыз ұлы Науайының тілінде сөйлейтін болып жатыр, Алла қаласа. Мен мұндай сәтті сапарды қасиетті Рамазан айының шарапаты деп қабылдадым.
Жалпы, Ташкенттегі өзбек жазушыларымен кездесуіміз табысты болды деуге болады».
Қазыбек ИСА,
«Қазақ үні»


ӨзА
10 026