ӨзА Қазақ

06.05.2020 Басып шығару нұсқасы

«Абай әлемі» халықаралық байқауы жарияланды

«Абай әлемі» халықаралық байқауы жарияланды

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы жанынан шетелдегі және Қазақстан Республикасына көшіп келген этникалық қазақтарды қолдау мақсатында құрылған «Отандастар қоры» шетелдік қандастар арасында «Абай әлемі» халықаралық байқауын жариялады.

Қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлға, ұлы ойшыл ақын Абай Құнанбайұлының туғанына биыл - 175 жыл. Ұлы тұлғаның мерейтойын халықаралық деңгейде лайықты атап өту үшін Қазақстанда арнайы үкіметтік комиссия құрылып, ауқымды іс-шаралар жоспары түзілген.Алайда бүкіл әлемді дендеген дерт - коронавирус індетімен күрес күллі жаһанда, сонымен қатар Қазақстанда да жаппай карантин жарияланып, барлық салада жұмыс істеу тәсілін күрт өзгертуге тура келіп отыр.

Қазақ елінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» және ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық сананы қайта түлетуге бағытталған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын негізге ала отырып, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» ұлттық сананы сақтау және ой-өрісімізді кеңейтіп, өскелең ұрпақты рухани тұрғыда дамыту мақсатында «Абай әлемі» халықаралық байқауын өткізеді.

Абай шығармалары арқылы қандастардың қазақ тілі мен әдебиетіне, ұлты мен жұртына, елі мен жеріне құштарлығын арттыра түсу үшін 2020 жылғы 28 сәуір - 28 мамыр аралығында алыс-жақын шет елдердегі этникалық қазақ жастары арасында халықаралық байқау ұйымдастырылады. Байқауға 18 жастан 35 жасқа дейінгі жастар қатысып, өзара бақ сынаса алады. 

БАЙҚАУ ШАРТТАРЫ:
Байқауға қатысушы ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, ағартушы, композитор Абай Құнанбаевтың кез-келген шығармасынан ҮЗІНДІ жаттап: 
  • Абай өлеңінің бірінен үзінді оқуы (кемінде екі-үш шумақ)
  • Абайдың «Қара сөздерінің» бірінен үзінді оқуы (кемінде бір абзац)
  • Абай әндерінің бірінен үзіндіні (кемінде бір шумақ+қайырмасымен) мазмұнына сай мәнерлеп, нақышына келтіре орындауы керек.
  • Абайдың өлеңінен, «Қара сөзінен» және әнінен үзінді орындаған талапкер өзінің аты-жөнін, қай елде және жерде тұратынын бейнежазбаның (видеоролик) ең басында дауыстап айтып, қоса жазуы керек.
  • Байқауға қатысушы Абай шығармаларынан ҮЗІНДІ орындаған жан өзінің видеожазбасын өз қолайына қарай әлеуметтік желіде #OtandastarAbai175 хэштегімен салып, «Отандастар қорының» парақшасын белгілеуі тиіс.
Байқауға жолданатын бейнежазбаларды (видеороликтерді) қабылдаудың межелі мерзімі: 28 сәуір - 28 мамыр аралығы, 2020ж;
  • Жүлдегерлер 1-маусымда анықталып, үздік үштікке енгендердің есімдері 1 маусым - халықаралық Балаларды қорғау күнінде жария етіледі және «Отандастар қорының» сайты мен әлеуметтік желілерінде жазылады.
  • Байқауға жолданған бейнероликтерді білікті мамандардан құрылған қазылар алқасы іріктеп-сұрыптап, ең үздік деп танылған 3 (үш) талантты талапкер ЖҮЛДЕГЕР деп танылады.
  • Жүлделі орындар: I орын - біреу; II орын - біреу; III орын – біреу. Жалпы 3 жүлде.
  • 3 (үш) жүлдегерге де «Туған елге саяхат» туристік пойызына тегін жолдама беріледі.
  • «Туған елге саяхат» туристік пойызы кең-байтақ Қазақстанның өңірлеріне саяхат жасатып, тарихи-мәдени ескерткіштерге бай, әрі табиғаты тамаша өлкелермен етене таныстырады. 
  • Үздік үштікке енген шетелдік 3 жүлдегер қазақтың Қазақстанға келіп-кететін жол шығынын, күтіп алу-шығарып салу және туристік топқа қосу міндетін «Отандастар қоры» КЕАҚ атқарады.
Ұлы ақынның ұлағатын паш етуге арналған байқауда баршаңызға сәттілік тілейміз!

14 916
ӨзА