ӨзА Қазақ

02.03.2020 Басып шығару нұсқасы

АБАЙ ЛЕБІ — ЗАМАННЫҢ ТЫНЫСЫ

АБАЙ ЛЕБІ — ЗАМАННЫҢ ТЫНЫСЫ

Қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлға, қазақ әдеби тілінің негізін салушы ақын хәм ойшыл - ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын тойлау жер бетіндегі қазақпын деген халыққа ортақ шара. Осындай игі іс-шараның бір бастамасы Өзбекстан жерінде қоныс тепкен қазақ қауымының арасында кең түрде белең алып ақынның артында қалған өлмес мұрасын жас ұрпаққа жеткізу сынды айтулы шара Ташкент облысы Қыбырай ауданындағы №9 жалпы орта білім беретін мектепте жоғары деңгейде өтті.

«Артында өлмейтұғұн сөз қалдырған» тақырыпта ұйымдастырылған әдеби кешке аудандық қазақ мәдени орталығының төрағасы Жақсылық Оразбаевтың бастамасымен аудандағы қазақ тілі және әдебиеті пәні оқытушылары, директорлары, Ташкент облыстық қазақ мәдени орталығының төрағасы Дәмір Қалдыбаев пен орталық белсенділері және ел аумағындағы танымал қазақ қаламгерлері Боран Қыдыров, Мекембай Омаров, Құлмахан Дүйсеновтер қатарында қазақстандық дәстүрлі әнші Бағлан Бәбіжанда бой көрсетті.

Ұлы ақынның және ол туралы жазылған кітаптардің шағын көрмесі қатар өткен мазмұндық жағы ерекше әдеби-сазды шара шымылдығын, аудандық №3 музыка және өнер мектебінің оқытушысы Айжан Тәжібаеваның шәкірттері күй тартып ашып берді. Содан соң шараның ұйымдастырушысы, №24 мектептің қазақ тілі әдебиеті пәндерінің оқытушысы Манзура Нұрмаханова кіріспе сөзінде, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын елімізде кең түрде насихаттау жайлы Президент Шавкат Мирзияевтың қаулысы негіз болғанын ерекше атап өтті.

Осы қаулы екі халықтың достық қарым-қатынастарының жоғары деңгейге көтерілгенінің жарқын дәлелі болып, шынында ел ішінде қаншама Абай шығармашылығын насихаттауға арналған шаралар қатары артты. Мұның барлығы еліміздегі қазақ ұлты өкілдерінің тілін, мәдениетін, тағы басқа ұлттық құндылықтарын сақтауға жасалған қамқорлықтың бір белгісі десек артық айтқандық болмас. Еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын өзге ұлт студенттері арасында жарияланған ақын және оның шығармашылығы жайында шығарма жазу байқауы да Абай туындыларының кең насихатталуына салмақты үлес қосары сөзсіз. Бүгінгі таңда дүниежүзінде Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына арналған шаралар өткізу жоспарланып, оның шығармашылығын насихаттауға арналған орталықтарыда бірнеше елде ашылыпта үлгерді.

Әдеби сазды кешке әрбір мектеп оқушысы арнайы дайындықпен келгені көрініп-ақ тұрды. Өйткені олардың Абай мұрасынан «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем Қаламқас» әндерін құйқылжыта шырқағаны, «Татьянаның хаты» өлеңі мен «Ескендір» поэмасына арналған сахналық қойылымы баршаға ұнай, тіпті Қазақ елінен келген дәстүрлі әнші Бағлан Бәбіжан салған әндер кештің сәнін аша түсті. Әншінің салған ақын шығармасындағы сирек айтылатын «Татьянаның хаты» атты әні мен Кенен Әзірбаевтың «Бастау» термесін орындауы қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлап терең ойға батырды. 

0778b1be-7643-42e3-a8b8-57a0cf60f5f2.jpg

08714920-f14c-4784-bc73-04e0ce68a7ec.jpg

4aa3e924-d0e7-43c7-b39a-4677c29b138d.jpg

Айтулы шарада Манзура Нұрмаханова, Ырыс Базарқұлова, Баян Бәйдібекова, Гұлбахира Жүнісова, Анар Үмбетова, Мұрат Тикашев, Айжан Тәжібаева, Айжамал Ғаниева, Гүлшан Бейсебаева, сондай-ақ басқа да білікті ұстаздар қауымы қазақ мәдени орталығының сыйлықтары және алғыс хаттарымен марапатталды. Мектептердегі кітап қорын толықтыру мақсатында қатысушылар жеке кітапқорынан өз кітаптарын оқытушыларға тарту етті. Бұл барлығына таптырмас сыйлық болды. 

e110afd5-744a-426d-9443-a08321afc087.jpg

Әдеби кеш соңында №9 мектеп директоры Баймат Ташманов, Жақсылық Оразбаев және осы кешке келген қаламгерлер сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырғандарға алғыстарын айтты.

Айгүл ТЕШЕБАЕВА

10 889
ӨзА